«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАР ТАЗАЛАМАҒАНДАРҒА – АЙЫППҰЛ

Соңғы күндері тынымсыз жауған қар салдарынан тәртіп сақшыларының жұмысы да көбейді. Бұған дейін учаскелік инспекторлар өз учаскелерін аптасына бір рет араласа, енді күнде табандарын тоздыруға мәжбүр. Олар көшелердің қардан қаншалықты тазаланғанын, жаяу жүргіншілер мен көлік қозғалысына кедергі келтірілмеуін тексереді. Сондай-ақ, тұрғындардың арыз-шағымдарына құлақ түреді. Мәселен, жуырда дүкен ауласындағы қарды жолға қарай күреп тастаған қалалыққа қатысты шағым түсті. Ал жеке меншік тұрғын үй иелері көршілерінің қарды өзгенің ауласына лақтырғанына наразы.

“Учаскелерді аралаудағы басты мақсат – заң бұзушылықтарды анықтап қана қоймай, тұрғындарды абаттандыру ережелерін сақтау керектігі туралы құлақтандыру. Облыстық мәслихат бекіткен абаттандыру ережелеріне сәйкес, заңды және жеке тұлғалар аумағының санитарлық тазалығын және абаттандырылуын өз қаржысына жүргізеді немесе тиісті ұйымдармен келесімшарт жасасуы керек. Қарды жол қозғалысына бөгет жасамайтындай және коммуналдық қызмет көліктері алып кете алатындай жерге үйген жөн. Тазаланбаған қар жолда апаттық жағдай туғызып, “Жедел жәрдем” және басқа да төтенше қызмет көліктерінің жүруіне кедергі келтіруі мүмкін”, – дейді Петропавл қалалық полиция басқармасы жергілікті полиция қызметі бөлім бастығының орынбасары Шәмшиден Ақышов.
Тәртіпке бағынбағандар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Жыл басынан бері осындай заң бұзушылық үшін 193 ескерту жасалды. Заңды қайталап бұзғандарға айыппұл салынады.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp