Ресейдің Самара қаласынан жолға шыққан жүк көлігі Мамлют ауданында қар құрсауында қалды. Жүргізуші Алексей Додаев рөлге ие бола алмай қалып, 10 тонна биоқоспа тиелген көлік жолдың жиегіндегі арыққа түсіп кеткен. Оқиға орнына жеткен патрульдік полиция қызметкерлері Руслан Ғалиев пен Талғат Тілеужанов төтенше жағдайлар жөніндегі бөлім мен “Қазавтожол” қызметкерлерін дереу көмекке шақырды. Құтқару операциясы нәтижесінде көлікті жолға алып шығудың сәті түсті. Барлық қызметтерге алғысын жаудырған Ресей азаматы сапарын жалғастырды.
Қазіргі уақытта Айыртау, Тимирязев, Жамбыл және Шал ақын аудандарында республикалық маңыздағы жолдарда және облыстық маңыздағы жолдарда барлық көлік түрлері үшін қозғалыс шектелген. Тасжолдарда қар тазалағыш техника жұмыс істеп жүр. Соңғы бір тәулік ішінде 23 автокөлік пен 41 адам қар құрсауынан құтқарылды.