Бұрнағы күні орын алған ауа райының күрт өзгерісі өңірде абыржытарлықтай жағдай тудыра қойған жоқ. Өйткені, ол жайында облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменті облыс тұрғындарын алдын ала хабардар етті.
8 қаңтар күні облыстың жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының бірнеше учаскесінде қар кептелісі болды. Соның салдарынан Есіл және Мамлют аудандарында бір жүк және екі жеңіл көлік қар қоршауында қалды. Автокөліктер мен олардың жолаушылары құтқарылды. Зардап шеккендер жоқ.
Қалың қар түсіп, бұрқасын тұруы себепті “ҚазАвтоЖол” АҚ-ы мен облыстық ішкі істер департаментінің бірлескен шешімімен сол күні кешкілік Жамбыл, Мамлют, Қызылжар, Мағжан Жұмабаев, Есіл, Шал ақын, Аққайың және Тайынша аудандары бағытындағы барлық көлік қозғалысына тыйым салынып, ал 9 қаңтарда ауа райының тұрақтануына байланысты таңғы сағат 8-ден бастап облыс аумағындағы барлық жолдарда көлік қозғалысы қайта ашылды.
Евгений ЖУРАВЛЕВ,
облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі
департаменттің баспасөз хатшысы.