Еліміздің әлеуетін айқындайтын басты факторлардың бірі – Қарулы Күштердің қуаты мен қорғаныстың беріктігі. Әсіресе қазіргідей әлемдік сын-қатерлер уақытында аталған салаға баса мән беру маңызды. Мұның бәрі ерекше міндеттер жүктейді. Кейінгі буын білімді, озық ойлы, шығармашыл болуымен қатар Отанын сүйетін патриот ретінде де көрінуі керек. Осы орайда оқу орындарындағы тәрбие жұмысы мен танымдық сабақтардың алар орны ерекше.
Жастайынан өр рух пен елге деген сүйіспеншілікті бойларына сіңіріп өскен ұл-қыздар күні ертең мемлекетіміздің іргесін берік етер ұландарға айналары анық. Бұл ретте өңірдегі жалғыз жоғары оқу орны М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде атқарылып жатқан іс аз емес. Оқу орнының қабырғасында жиі өтіп тұратын патриоттық тақырыптағы “дөңгелек үстел” отырыстары, кештер мен кездесулерден бөлек, университет жанында әскери кафедра жұмыс істейді.
Кафедра ел Үкіметінің бұйрығымен 1998 жылы құрылды. Сол жылдың 1 қыркүегінен бастап Қорғаныс, Білім, Мәдениет және Денсаулық сақтау министрліктері бірлескен комиссиясының шешімімен алғашқы студенттер қабылдана бастады. Биыл әскери білім ордасының ашылғанына 25 жыл толып отыр. Осы мерзім ішінде орын алған өзгерістер, бағындырған белестер аз емес.
Тәуелсіздіктің елең-алаң шағында университет жұмысын бір жолға қою оңай болған жоқ. Соған қарамастан оқу орнының аумағы кеңейіп, қаладағы бос қалған ғимараттар студенттер игілігіне беріле бастады. Қаржының жетіспеушілігінен қала бюджетіне қол жайып отырған балабақшаларды да университет басшылығы барлық қиындықтар мен қағазбастылықты айналып өтіп, қарамағына алады. Бұл ғимараттардың бірі оқытушылардың тұрғын үйіне, бірі емдеу мекемесіне, оқу корпустарына айналып жатты. Ал бұрынғы №3 балабақша ғимаратының қабырғасында әскери кафедра ашу ешкім күтпеген шешім еді. Кафедраны ашудан бөлек, оған лицензия алу, қажетті құралдарды жеткізу, сабақ беретін мамандар табу да дағдарыс уақытында оңай емесі белгілі. Соған қарамастан ел университеттерінің ішінде алғашқылардың бірі болып біздің өңірімізде студенттерге әскери білім беріле бастады. Ол кезде мұндай оқу орындары саусақпен санарлық, мамандар аз, сұраныс та бүгінгідей жоғары емес. Десе де кафедра алғашқы студенттер легін қабылдап, аз уақытта өз жұмысын бастап кетті. Бүгінде мұның бәрі университет тарихындағы ең елеулі оқиғалардың бірі саналады. Мұнда оқыған алғашқы түлектер оқуын аяқтай сала еліміздің күштік құрылымдарынан шақырту алып, бүгінде аталған салада жемісті еңбек етіп жүр. Осы орайда әр жылдары кафедраға басшылық етіп, оның өркендеуіне үлесін қосқан полковниктер Тахир Мухамадеев, Жалиль Шакиров, Совет Альжапаров сынды азаматтардың да еңбектерін атап өткен жөн.
Әскери кафедра бүгінге дейін 3113 офицер мен 331 сержантты даярлап шығарды. Өткен жылы 127 студент офицер және 75 студент сержант шеніне ие болды. Қазіргі уақытта мұнда 98 жас шеберліктерін шыңдап жүр. Олар “Жалпыәскери бөлімшелерді, бөлімдер мен құрамаларды жауынгерлік қолдану”, “Темір жол, су және әуе көлігімен әскери қатынастарды, әскери тасымалдарды ұйымдастыру” салалары бойынша білім алуда. Мұндағы әр білім алушы оқу кестесіне сай әскери даярлықтан өтуге аптаның бір күнін арнайды. Оларға білікті 5 оқытушы тәлім береді. Оқытушыларымыздың біреуі ғылым кандидаты болса, екеуі “магистр” дәрежесіне ие.
Әскери кафедраның материалдық-техникалық базасы да жыл сайын толығып, жаңарып келеді. Осы күні мұнда жабдықталған оқу сыныптарынан бөлек, жастардың жауынгерлік дағдыларын дамытуға арналған ЖҰМ-1, ЖҰМ-2 оқу қаруы, электрондық лазерлік тир, АК-74, ЖҚБ, ППК, АГС-17 пневматикалық массогабаритті макеттер, “МР-654” тапаншалары, бинокльдер бар. Қорғаныс министрлігінен сатып алынған кітап қоры 2520-ға жетіп отыр.
Қазіргі таңда кафедрада алдағы оқу жылына қабылдау жүріп жатыр. Әдеттегідей әскери білімге сұраныстың жоғары екені байқалады. Көп жастар мектеп бітіргеннен кейін өзі баратын университетте әскери кафедраның болуына мән береді. Бұл жағынан алғанда кафедра университетке түлектер тартуға өз үлесін қосып отыр. Жауынгерлік білім алам деушілер көп болғандықтан, олардың бәрі бірнеше кезеңнен тұратын іріктеуден өтіп, денсаулық жағдайы мен физикалық қабілеттері тексеріледі. Кафедраға тегін оқуға түсе алмағандар үшін ақылы білім алу мүмкіндігі қарастырылған.
Кафедра жұмысы студенттерге әскери-патриоттық тәрбие беру, олардың бойында жоғары моральдық, кәсіби-жауынгерлік және психологиялық қасиеттерді, Отан алдындағы борышын орындау үшін қажетті тәртіпті қалыптастыруға бағытталған. Әскери кафедра кадет сыныбының оқушыларымен, облыс орталығындағы колледж студенттерімен әскери-патриоттық жұмысты ұйымдастыруға қатысып, түрлі шараларды өткізуге көмек көрсетеді.
Студенттеріміз қалалық, облыстық шараларға да белсенді қатысып, көзге түсіп жүр. Түрлі республикалық, халықаралық байқауларда топ жарып, оқу орнының мерейін өсіріп жүрген шәкірттерімізбен мақтанамыз. Олар “Отанды сүю – міндетің, қорғау – парызың” деген қанатты сөзді өмірлік ұстанымдарына айналдырған.
Шайзатхан АБЖАПБАРОВ,
М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті жанындағы әскери кафедраның бастығы, подполковник.