Исламдағы қасиетті айлардың алғашқысы – Ережеп айының жұлдызы бүгін, яғни 7 сәуірде туады. Алла тағала бұл жайында Құран Кәрімде (“Тәубе” сүресі, 36-аят): “Тегінде, аспан мен жер жаратылған күннен бастап, Алла тағала айдың санын он екі етіп белгілеген. Оның төртеуі – (зу-л-қағда, зу-л-хижжа, мухаррам, ражәб) соғысуға тыйым салынған айлар. Міне, осы берік дін. Бұл айларда сендер өздеріңе зиян жасамаңдар”, – деген. Яғни, адамдар тек бір-біріне жақсылық істеп, сонымен қатар қамқор болуы керек. Ғұламалар бұл айдың маңыздылығын түсіндіре келіп, осы айларда жасалған игі амалдардың Алланың алдында анағұрлым ізгілікті, ал зұлымдықтың оның алдында әлдеқайда жиренішті екенін атап өткен.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) “Ережеп – Алла тағаланың айы, Шағбан – менің айым, Рамазан – үмбетімнің айы”, – деп айтқан. Ислам ғұламалары “Ережеп – дәнді жерге себу, Шағбан – егінді суару, ал Рамазан айы – жемісін жинап алу”, – деп көркем түрде түсіндірме берген.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Ережеп айы кірген кезде: “Алла тағала бізге Ережеп пен Шағбан айында береке бер, сонымен бірге бізді Рамазан айына аман-есен жеткізе гөр”, – деп дұға жасайтын болған.
Бұл айда қасиетті Миғраж түні бар. Миғраж түні Алла тағала Пайғамбарымыз Мұхаммедті (с.ғ.с.) жеті қат көкке көтеріп, өте ұлы нығметтерге бөледі. Солардың ішінде айрықша орны бар мына үш нығметті атап өтсек:
– исламның бес тірегінің бірі – мүміннің миғражы, яғни рухани тұрғыда Алламен тілдесу болып есептелетін бес уақыт намаз парыз болды;
– иманның негізгі шарттарын қамтыған және мұсылмандарға дұға жасаудың үлгісін көрсеткен “Бақара” сүресінің соңғы екі аяты Пайғамбарымызға уахи етілді: “Пайғамбар өзіне Раббы тарапынан түсірілгенге иман келтірді. Мүміндер де барлығы: Аллаға, періштелерге, кітаптарға және пайғамбарларға иман келтірді. Мұсылмандар: “Елшілердің араларын айырмаймыз, естідік те бойсұндық. Раббымыз! Сенен жарылқау тілейміз, қайтып барар жеріміз де Сенің алдың”, – деді. Алла тағала кісіге шамасы келетін міндетті ғана жүктейді, адамның істеген жақсылығы өз пайдасына, жамандығы өз зиянына. “Раббымыз! Егер ұмытсақ не жаңылсақ, бізді жазалама. Раббымыз! Бізге бізден бұрынғыларға жүктегеніңдей ауыр жүк жүктеме! Раббымыз! Бізге шамамыз келмейтін жүкті артпа! Бізді кешір, бізді жарылқа, бізге мәрхамет ет. Сен біздің иемізсің! Бізге кәпір қауымға қарсы жәрдем бер!”;
– намаздың отырысында оқылатын “Әттәхият” дұғасы. Мағынасы: “Барлық дұғалар, мадақтар, денемен және дүниемен жасалатын ғибадаттар Аллаға лайық. Уа, Пайғамбар! Саған сәлем. Әрі саған Алланың рақымы мен берекеті жаусын! Уа, Раббымыз! Сәлем (амандық) бізге және Алланың салиқалы құлдарына болсын. Мен Алладан өзге ешқандай Құдай жоқ екеніне, хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с.) Алланың құлы әрі елшісі екеніне куәлік етемін”.
Бұл ай басталысымен мұсылмандар өзін Рамазан оразасына дайындап, нәпіл ораза ұстауы дұрыс болады. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) Ережеп айында ораза ұстауға ынталандыратын көптеген хадистер бар. Мысалы: “Кімде-кім Ережеп айының әуелгі күнінде ораза ұстаса, оның үш жылғы күнәсіне, ал екінші күні ораза ұстаса, екі жылғы күнәсіне, ал қалған ораза ұстаған күндері үшін әр күніне бір-бір айдың күнәсі кешіріліп отырылады”.
“Кімде-кім Ережеп айында бір күн ораза ұстайтын болса, ол бір айлық оразаға тең келеді. Ал кімде-кім жеті күн ораза ұстайтын болса, оған жеті тозақтың есігі жабылады. Ал кімде-кім сегіз күн ораза ұстайтын болса, оған сегіз жәннаттың есігі ашылады. Ал кімде-кім он күн ораза ұстайтын болса, Алла оның жамандықтарын жақсылықтарға ауыстырады. Ал кімде-кім он сегіз күн ораза ұстайтын болса, көктен бір дауыстаушы: “Шындығында Алла тағала сенің өткен күнәларыңның бәрін кешірді, ісің алға басты”, – деп дыбыстайды”.
Енді бір хадистерде Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): “Ережеп айында Алладан көп кешірім сұраңдар. Ақиқатында Алла ол айдың әрбір сағатында пенделерін тозақтан азат етеді (Алиден (р.а) Дайлами риуаят етеді, Дайлами 81/1)”, – дегендігі жеткізіледі.
Міне, осы себепті де бұл ай өте құрметті болып саналады. Мүмін адам, негізінде, жыл он екі ай құлшылықта ынталы болуы тиіс. Дегенмен, әсіресе, осындай қасиетті айдың қадірін түсініп, Пайғамбарымыздың айтқан сүйіншілеріне қол жеткізуіміз үшін көбірек нәпіл ғибадаттар жасап, ораза ұстап, Құран оқып, білім алып, Алланы тануға асығайық. Өз бойымыздағы кемшіліктерімізді түзетіп, жалқаулықтан арылып, осы айдың мол сауаптарынан құр қалмауға тырысайық және жоғарыдағы аятта айтылған Алланың әміріне бойсұнып, ешкіммен ренжіспей, мұсылман бауырларымызға, мұқтаж жандарға көмектесіп, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмірінен ғибрат алып, әрқайсымыз өзіміздің көркем мінез-құлқымызбен, игі іс-әрекеттерімізбен шынайы мұсылмандықтың үлгісін көрсетейік. Алла баршамызға кәміл иман, денімізге саулық, бойымызға күш-қуат пен ерік-жігер, байсалдылық пен даналық нәсіп етсін. Әумин!
Азамат СӘРСЕНОВ,
“Қызылжар” орталық мешітінің наиб имамы.