Тарлан СЕЙДІМБЕК,
Әл-Фараби атындағы мектеп-лицейдің оқушысы:
– Тәуелсіздік – қазақ халқы үшін қатардағы түсінік емес, бұл – қазақ халқының тарихи болмысындағы аңсаған арманы. Тәуелсіздік – барша халқымыздың күрес пен еңбек, ілім-білім мен өнерінің шабытына қамшы басқан үміті. Бұған дәлел – азаттық үшін шаттанған ата-бабамыздың жолы.
Көшпелі ата-бабамыз өз өркениеті мен мәдениетінің болмысын сақтап қалып, өз мемлекеттігін қалыптастырды. Мемлекеттілік – қазақ халқы үшін 1991 жылы алғаш туындаған жаңалық емес, осы жылы біз қайта тәуелсіз ел болдық. Қазақ мемлекеттігінің тарихи тамыры тереңде жатыр. Қазақ елі мен қазіргі тәуелсіз Қазақстан халқы аспаннан түскен жоқ және ата-тегін білмейтін мәңгүрт емес. Мемлекетіміздің, халқымыздың терең тарихы бар. Яғни, бүгінгі Қазақстан Республикасы аталатын мемлекетіміз – ХV ғасырда өмірге келген Қазақ хандығының тарихи жалғасы, кешегі Алаш зиялыларының өз өмірін арнаған асыл армандарының орындалғандығының көрінісі. Біздің төл тарихымызда жас ұрпақ санасында мақтаныш сезімін туғызатын өнегелі істер жетіп артылады. Оларды тек қоғам санасына сіңіре білу керек.
Тәуелсіздік – қазақ халқының, Қазақстан мемлекетінің тарихына алтын әріптермен жазылған, яғни ақ түйенің қарны жарылған күн. Осы күннің арқасында біз төрт құбыламызды түгелдеп, тәуекелдің кемесіне мініп, нық қадаммен алға басып келеміз. Отаны үшін отқа түсіп, елі мен жері, халқы үшін қасық қанын қиған ата-бабаларымыз қалдырған осынау кең, шексіз байлықтың мұрагері, әрине, біз!
Елжас ҚАПЕЗОВ,
М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің студенті:
– Бабаларымыз “Ошақтың аяғы – үшеу, жағар оты – біреу” деген тәмсілді бекер айтпаған. Осы ұлағатты ұғым бізді береке-бірлікке үндеп, ұрпақтар сабақтастығының тұтастығына шақырады.
Бұл орайда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әрдайым ұрпақтар сабақтастығына терең мән беріп келеді. Қазақстан Президенті қасиетті Ұлытауда сан қатпарлы тарихымыздың түп-тамырын толғаған мағыналы сұхбатында Еуразия кеңістігіндегі мемлекеттік дәстүрдің үзілмей жалғасып келгендігін, ғұндардан бастау алған осы үдерістің көк түріктер, Алтын Орда арқылы сабақтасып, Қазақ хандығына жеткендігін айтты.
Тарихшылардың саралауына қарағанда, Қазақ хандығы құрылғанға дейін Ертістен Еділге дейін созылған ұлан-ғайыр далада үлкенді-кішілі саяси құрылымдар, ұлылы-кішілі мемлекеттер өмір сүрген. Мұның бәрі – Қазақ хандығына дейінгі ізашар буын-бунақтар, Қазақ елі деген алып бәйтеректің өзегіне нәр берген түп-тамырлар, қайнар бастаулар. Сол себептен де Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Тарих толқынында” атты кітабында: “Қазақ хандығы Орталық Азия аумағындағы алғашқы ұлттық сипаттағы мемлекет болды”, – дейді.
Расында, ұлы далада Алтын Орда ыдырағаннан кейін көптеген хандықтар, мемлекеттер пайда болды, бірақ олар өздерінің атауын көбінде билеуші әулеттердің есімімен байланысты атаса, қазақ хандығы Отанымыздың негізін қалап отырған ұлағатты ұлтымыздың атымен аталды. Бұл дерек Қазақ халқының ежелгі заманнан елдік санасы ерте оянып, бірегей дара кескін-келбеті сомдалып, тарих толқынында ұранды ұлысқа, ордалы жұртқа айналғанын, толысып қалыптасқандығын көрсетеді.