Тәуелсіздік!
Қасиеттім!
Киелім!
Періштенің пейіліндей сүйемін.
Тағдырымды салсын Тәңір талқыға,
Шартарапқа шашылса да сүйегім.
Күллі ғалам сыйған ғұсни жүрекпен,
Беу, Еркіндік, сені, сені сүйемін!
Беу, Еркіндік,
Сенің бағаң асқақ тым,
Керегі жоқ басқа бақыт, басқа аттың.
Сан соқпалы сүрлеуіңе жетсем деп,
Сан ғасырдың жанарынан жас таптым.
Ұжданымды ұлтан қылған табанға,
Тас тарихты тамырымен тасқа аттым.
Жоғалмады ол қуаң дала, қырлардан,
Көктемдерде гүлдеп шықты гүлзардан.
Желтоқсанда оққа оранған жастардың,
Бостандығы ол бодандықтан бүр жарған.
Қызыл қанға бояп аппақ алаңды,
Шоқ боп қарып, от боп жанған мұздардан –
Жаужүрек ұл,
Намысты қыз,
Ізгі арман.
Тәуелсіздік! Осы бір бағасы асқақ, тарихы терең, тағылымды жолда халқымыз табандылықпен, төзімділікпен, болашағын бейбітшілікпен, ертеңін еркіндікпен ғана байланыстырып, талай тар жол, тайғақ кешулерді, зобалаң заманаларды, соқтықпалы сүрлеулерді өткерді. Айтуға ауыз бармайтын арпалысты жылдармен жылжып, небір нәубетті, қолдан жасалған аштықты, запыран жұтқызған қиын-қыстау кезеңдерді бастан кешірді. Өз жерінде өгейдің күйін кешіп, өзінікін өзімдікі дей алмай, өзегі өртке оранған момын халықтың сағыныштан сарғайған сүлдеріне, суалған күретамырына қан жүгірді.
Тәуелсіздік! Иә, бұл – бүкіл қазақ жұртының, ұшса құстың қанаты талатын Алтай мен Атырауға дейін көсілген қалың Қазақияның іңкәрлікпен, сүйіспеншілікпен айқайлап айтар, тұмардай тағынып, ардақ тұтар асыл қазынасы.
Құдайға шүкір, біз – бүгінде өз алдына жеке орда, тәуелсіз мемлекетпіз. Әлемдегі дамыған және дамушы елдермен терезесі тең, керегесі кең өмір сүрудеміз. Азаттықты кеуде керер мақтанышпен айтпас бұрын, ата-бабаларымыздың сол тәуелсіздік жолында құрбан еткен қыршын жастарын, қилы тағдырларын еске алмау, олардан аттап өту бүгінгі ұрпақ – бізге сын болар. Аңырақай даласында, Сырым Датов пен Кенесары Қасымов көтерілістерінде қазақ халқының өмірі тәуекелге тігіліп, азаттыққа ұмтылған рух естен кетер ме?
Мың тоғыз жүз он алтыншы жылдағы көтеріліс, жиырмасыншы жылдардағы аштық, отызыншы жылдардағы тоталитарлық жүйе, Екінші дүниежүзілік соғыс, мың тоғыз жүз сексен алтыншы жылғы жерді дүр сілкіндірген Желтоқсан оқиғасы – мұның барлығы да қазақ жеріне, жұдырықтай жұмылған қазақ жанына жазылмастай жара салды. Азаттықты армандап, бодандықта бұғауланған еңселі еліміздің ержүрек жастары сексен алтының желтоқсанында Алматының аппақ алаңын бір мезетте қып-қызыл қанға бояп, өтіріктен, қанап-мінеуден безерленген биліктің алдында сескенбей, бостандықты талап етті. Қызғалдақ ғұмырлар қыршынынан қиылды, боздақтар бодандыққа бағынбайтын басымен дүмпу жасап, жандарын арларының садағасы етті. Есімізде есімдері алтын әріппен жазылып, жадымызда өшпестей қалған Ербол мен Қайраттың, Ләззат пен Сәбираның еркіндікті аңсаған бейкүнә сезімдері жанартаудай атқылап, “Тәуелсіздік” деп табандап тұрған әрекеттерінен Арктика мұзарты жарылғандай болды. Осы тұста ұлтымыздың аяулы ақындарының бірі Исрайл Сапарбайдың “Мен қазақ қыздарына қайран қалам” өлеңінің шығу тарихы еріксіз есіме оралады. Көкіректерін кек пен ерлік кернеген қазақтың жалынды жастарын орталықтың төбеден тас домалатқандай өктемдігін, озбыр саясатын іске асырушылар оларды ұрып, жаншып, абақтыға қамап жатқанда бір қаракөз сұлуымыз жолаушылар көлігіне үсті-басы қанға боялып, жалаң аяқ кіріп, мөлтілдеген мөлдір жанарынан еліне деген ыстық сезімнің, азаттыққа деген ұмтылыстың ұшқынын байқатады. Дәл сол уақытта ақынның бүкіл әлем сыйып кететін жүрегінен аталмыш өлең өзінен-өзі туады. “Намысын бермеу үшін жатқа қолдан, Арулар аз болды ма атқа қонған. Көңілде қалған сыз бар өткен күннен, Өмірде қалған із бар Ақтабаннан. Сүймеген сені азамат, азамат па? Көңілің тәрізді аппақ таза мақта. Бәрін айт, бірін айт та лайықсың, Қазақтың қызы деген ғажап атқа”, – деген шумақтар өмірге келеді.
Одан кейін де еңселі егемендікке қол жеткізген мерейлі жылдарда қазақ поэзиясының өкілдері азаттыққа келгенде жан-жүрегімізді қатар тоңдыратын ызғарлы желтоқсан желіне тоқталмай өтпеді. Ақын Ұларбек Нұрғалымның “Құрмет саған, Желтоқсандық боздақтар, Солмайтын гүл бұл алаңға қойған гүл, Өшпейтін жыр бұл алаңға ойған жыр, Солмайтын гүл ойсыздарды ойландыр”, – деп жырлауы өткеннің өшпейтінін, егемендікке жетелеген желтоқсан желінің ұмытылмайтынын айғақтап тұр емес пе?!
Иә, осыдан жиырма үш жыл бұрын қолымыз жеткен мемлекетіміздің тәуелсіздігі төбеден түскен сый, оңайдан тапқан олжа емес. Елінің бүтіндігі, жерінің тұтастығы, жұртының тыныштығы үшін “мың өліп, мың тірілген” халқымыздың көксеген мұраты, көздеген арманы еді. Сол жолда жан пида деп құрбан болған батыр бабаларымыздың, намысты ұл-қыздарымыздың аққан қан, төккен терлерінің өтеуі – Егемендік.
Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың қысылтаяң уақыттағы сындарлы саясаты да, еліміздегі этностардың бірлік пен татулығын көздің қарашығындай сақтап, іргелі әрекет етуі де момын, жаны жамандық атаулыдан ада қазақ халқының маңдайына біткен бақ. Сонау ел басына түскен нәубет жылдары тарыдай шашырап кеткендерді атажұртқа оралтып, санымызды еселеуі де, тіпті, әлемдегі алпауыт мемлекеттердің шаңырақтарын шайқалтқан әлемдік дағдарысты табандылықпен еңсеруі – бәрі-бәрі ертеңгі болашағымыз үшін жасалып жатқан іргелі істер.
Елбасының Ұлытау төрінде айтқан ұлт туралы толғанысында “Менің арманым, ойым – Қазақстанның мәңгілік болуы. Сондықтан “Мәңгілік Ел” деген идеяны ұсындым. “Мәңгілік Ел” болу үшін бәрін жасап жатырмыз. Осылай төңірегіміз бейбіт, өзіміз бейбіт, ішіміз бүтін, бірлігіміз берік болса, ұтылмаймыз. Қазақтың бірлігі – мына көпұлтты халықтың бірлігі. Біздің ең жоғары бағалайтын байлығымыз – Тәуелсіздік. Оны қасық қанымыз қалғанша қорғауымыз керек”, – деген сөздері еңселі ел екендігімізді аңғартады және қасиетті тәуелсіздікті сақтау әрбір қазақстандықтың, оның ішінде баласының, немересінің болашағын осынау көсегесі көгерген елмен байланыстыратын әрбір қазақтың қасиетті парызы мен борышы екендігін айғақтайды.
Беу, Еркіндік!
Ғаламатым!
Ғажабым!
Астарыңда қайғы, шер-мұң, азалы үн.
Өз жеріне өгей болған өр қазақ,
Бозінгендей боздап айтты наз әнін.
Керауыздар алмас үшін барыңды,
Сорауыздар кермес үшін жағыңды.
Тоқсан тоғыз атауындай Алланың,
Есіміңді балбал тасқа жазамын.
Беу, Еркіндік!
Батпандай бақ қоғамға.
Алты Алашқа, маған, саған, оған да.
Жету үшін талақ қылдым талайды,
Сақтап тұру қиын, қиын одан да.
Арқа-жарқа, азат, аңғал халқымды,
Тфә-тфә!!!
Тілден сақта, о, Алла!
Нұргүл ОҚАШЕВА,
М.Мақатаев атындағы республикалық жас ақындар мүшәйрасының бас жүлдегері.