Облысымызда поляктардың ең көп шоғырланған жері – Тайынша ауданы. Қызылжар өңірін осы диаспораның 30 мыңға жуық өкілі мекендесе, оның жартысы – Тайынша ауданында. Кеңестік әміршіл-әкімшіл жүйенің шексіз озбырлығы салдарынан туған жерден еріксіз аластатылып, қиын жағдайды басынан өткерген поляк халқының сол бір қасіретіне екі жылдан соң 80 жыл толмақ.
Батыс Украинаны тұрақ етіп, алаңсыз күн кешіп жатқан халыққа “сенімсіз” деген айып тағылып, қарапайым жандардың тыныштығы қас қағым сәтте бұзылады. Содан 1936 жылы алды-артына қаратпай, эшелондарға тиелген күйі поляктар бұрынғы Көкшетау облысының Келлеровка және Чкалов аудандарына жеткізіледі. Комендатура әр жерден 15-20 отбасыдан қалдырып отырады. Осындай 30-ға жуық орын болған екен. Кейін сол орындарға ұжымшарлар орнап, күштеп көшірілген 35 мыңнан астам поляктың тұрмыстары жайлана бастайды.
“Аштықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпес” деген. Қазақ халқы сол кездегі тұрмыстың ауырлығына, көңілдің жүдеулігіне қарамастан, поляктарды туған бауырындай қарсы алып, қолындағысын бөліп береді. Үйлеріне паналатып, азық-түлікпен, киім-кешекпен көмектескен екен.
Бүгінде Тайынша ауданы тұрғындарының 22 пайызын поляктар құрайды. Қатал саясаттың мәжбүрлеуімен қасиетті қазақ жеріне орнығып қалса да, оған еш өкінбейді. Қай-қайсымен тілдессең де, елді ардақ тұтады. Туған елдің тұғыры биіктеуі жолында еңбек еткеннен асқан бақыт жоқ, дейді. Қазақстан мен Польша арасындағы өзара сенімге, құрметке құрылған ізгі қарым-қатынас та қос халықты тонның ішкі бауындай одан әрі жақындастыра түскенін байқау қиын емес.
Тайынша ауданындағы Вишневка, Келлеровка, Тайынша, Ясная Поляна, Красная Поляна, Зеленый Гай елді мекендерінде тұрып жатқан поляктар өздерінің мәдениетін ешқашан жоғалтқан емес. Ондағы халық хорлары, вокалдық топтар барлық шараларға белсене қатысады. Сондай-ақ, салт-дәстүрлерді, әдет-ғұрыптарды насихаттайтын қоғамдық ұйымдар мен жиырмаға тарта католик шіркеуі бар.
Тарихын ерекше қастерлейтін яснополяндықтар бабаларының бастан кешкен қиын-қыстау кезеңдері келер ұрпақтың да жадында болсын деген мақсатпен осыдан 10 жыл бұрын мұражай ашқан. Өткен ғасырдағы нәубеттің куәсі – екі бөлмелі сабан үйді орнынан сырып тастамай, оның ішін тазартып, қалпына келтіреді. Сол уақыттан бастап ауыл тұрғындары көздің қарашығындай сақтап жүрген жәдігерлерін де мұражайға тапсыра бастайды. Шынымен де, ішіне кірген уақытта басқа заманға түскендей әсер қалдырады екен. Киімілгіштегі көне шинельден бастап, ұзын пималар, тоқылған төсеніштерден өткен заманның тынысы сезіледі. Көне патефоннан сол жылдардың әуені есітіліп тұр. Тіпті, 30-жылдардағы үтік, тігін машинасы, сағатқа дейін бар. Екінші бөлмеде ағаш кереует, сабаннан төсек, пианино қойылыпты.
– 1936 жылы көшіп келген көне-көздерімізден сол кездегі тұрмыс жайында сұрап білген соң мұражайды мүмкіндігінше сол заманға сай етуге тырыстық. Мұнда келген ауыл тұрғындары мен қонақтары үшін әрбір зат ерекше ыстық. Өткен күннен сыр шертер мұрағатымызды балалар да жиі тамашалайды, – дейді Ясная Поляна ауылдық округінің әкімі Владислав Галецкий.
Мұражайдың сырты да құнды жәдіргерлерге толы екен. Субұрқақтың жанында қолдиірмені, кірпіштен қалаған пеш, басқа да үй тірлігіне қажетті көне бұйымдар қойылыпты. Ашық аспан астындағы мұражайда 40-шы жылдардағы көліктер де қазқатар тізілген. Мәселен, аңызға айналған бір жарым тонналық жүк машинасы 1936 жылы шығарылса, тың игеру кезеңінің символы – ДТ тракторының зауытта жасалған уақыты 1956 жыл. Қалпына келтірілген техниканың барлығы да жұмыс істейді. Мерекелік шаралар кезінде бұл көліктермен шеру ұйымдастыру игі дәстүрге айналған.
“Тайынша Астық” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директорының орынбасары Франс Горайдың айтуынша, тірнектеп жинаған техниканың дені тұрғындардан сатып алынған. Олардың саймандары Ресейден әкелініпті. Ал қыс мезгілінде көліктер жабық автотұраққа жеткізіледі.
Ірі шаруашылық ірге тепкен үш ауылдық округте тұрғындар үшін қажетті әлеуметтік көмектің бәрі бар: Мәдениет үйі мен балабақша, мектеп, монша жұмыс істейді.
– Мен үшін әкім ретінде бизнесті әлеуметтік жауапкершілікке тарту ісінде проблема жоқ. Осындағы серіктестік басшылары кез келген бастаманы іліп әкетіп, қаржылай көмек көрсетіп отырады. Ал ауылдағы игіліктердің бәрі де “Тайынша Астық” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Анатолий Рафальскийдің қолдауының арқасы. Жақында “Тайынша Астық” серіктестігі өңірлерді дамыту бағдарламасы бойынша тендерді ұтып алып, енді ауыл балаларына аулалық спорт алаңын жасауды жоспарлап отырмыз. Осындай ел азаматтарының арқасында ауылымыз да өркендей бермек, – дейді ауылдық округтің әкімі.
Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Тайынша ауданы.