«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАСТЕРЛЕП, САҚТАСЫН!

Кішкентай кітапта жазылған барлығы –

Бүгінгі елімнің ертеңгі тағдыры.

Ел-жұртын басқарған басшылар бас алмай,

Ежіктеп оқуға міндетті әр күні!

Оқуға міндетті – бәрі де құрметтеп,

Үлкен де, кіші де ұстаздай үлгі етпек.

Әкімдер әділдік жолынан аттаса,

Алдыңда тұруға тиісті дірдектеп…

Ата Заң ұлтымның арымен жазылған,

Ата Заң жұртымның жанымен жазылған.

Ата Заң мен үшін, елі үшін мерт болған,

Атамның қып-қызыл қанымен жазылған!

Ұлтымның кеудесін түрткілеп Ұлы үміт,

Тарихқа заманның көзімен үңіліп.

“Тәуелсіз еліме тәуелді болам!” деп,

Патшамыз Ант ішкен алдыңа жүгініп…

Жылқының жалында, түйенің қомында,

Кеткен жоқ Қазақстан, жүр сара жолында.

Әлемнен ақырып әділдік сұрайтын,

Ата Заң, сен барсың халықтың қолында…

Зұлымдық қақпасын тыныштық қақпасын,

Халықтар достығын дұшпандар мақтасын.

…Мұсылман дәретсіз ұстамас Құрандай,

Мемлекет өзіңді қастерлеп, сақтасын!

Алмас ТЕМІРБАЙ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp