«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАТАРҒА ҚОСЫЛҒАН ЖАС ДӘРІГЕРЛЕР

Дәрігерлердің жетіспеушілігі облысымызда ғана емес, елімізде де шешімін таппай келе жатқан күрделі мәселе десек те, бұл ретте тындырылып жатқан істер баршылық. Соның нәтижесінде биыл өңірімізге 47 жас маман келіп, қызметтеріне кірісіп кетті. Олардың барлығы – еліміздегі медициналық университеттердің түлектері, он алтысы еңбек жолын ауылда бастағалы отыр. Жас дәрігерлерге көтермеақы беріліп, баспана мәселесі де шешімін тапты. Бұл облыс орталығынан шалғай елді мекендердегі кадр тапшылығын азайтып, науқастардың тез әрі сапалы медициналық көмек алуына жағдай жасап отыр.

Ауылға ат басын тірегендердің бірі – Арман Селеух. Есіл аудандық орталық ауруханасына дәрігер-эпидемиолог болып жұмысқа орналасқан ол: “Ауылда жас мамандарға жақсы жағдай жасалған. Ең бастысы өлең төсегіме балайтын өз үйім бар. Бірге қызмет атқаратын әріптестерім құдайы көршілеріме айналды. Алдағы жоспарларым да айқын”, – дейді .  

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Қарлығаш Ілиясованың айтуынша, 47 маманның біразы “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы арқылы жұмысқа орналасқан. Дәрігерлердің жетіспеушілігін шешу үшін басқарма қызметкерлері жыл сайын мамандарды даярлайтын жоғары оқу орындары басшылығымен келісімшартқа отырып, бос жұмыс орындарының жәрмеңкелеріне қатысуды үрдіске айналдырған. 2020 жылға дейін кадр тапшылығы толық шешілуі тиіс.

Нұргүл ОҚАШЕВА,

 “Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp