«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАТЕРЛІ ДЕРТКЕ ШАЛДЫҚҚАНДАР КӨП

Біздің өңіріміз онкологиялық аурулардың таралуы бойынша республикада Қарағандыдан кейінгі екінші орында тұр. Үстіміздегі жылдың алғашқы алты айында өңірде 913 жаңа жағдай тіркелген. Бүгінде облыста 11 588 адам диспансерлік есепке алынған.

Облыстық онкологиялық орталық ди­ректоры Олег Дудяктың айтуынша, ең көп таралған ауру түрлері өкпе, колоректальды және сүт безі обыры. Биылғы жарты жылда 109 адам өкпенің қатерлі ісігіне шалдыққан, бұл барлық сырқат­танғандардың 12,5 пайызы. Өткен жыл­мен салыстырғанда шамамен 10 пайызға өскен. Колоректальды обырмен ауырған­дар саны 106 сырқатқа көбейген, бұл 12,2 пайыз. Ал сүт безі обыры 97 әйелге қойы­лып, жалпы көрсеткіштің 11,1 пайызын құрады.

Дәрігердің айтуынша, онкологияның жиілеуіне бірнеше фактор ықпал етіп отыр. Соның бірін өңір тұрғындарының ішінде егде жастағылар үлесінің жоғары болуымен байланыстыруға болады. Мә­селен, облыс тұрғындарының 18 пайызы 65 жастан асқандар. Қатерлі ісіктің асқы­нуына көмір жағу, пешпен жылытылатын үйлердің көптігі, автокөлік түтіні, таза ауызсудың тапшылығы сынды экологиялық жағдайдың да әсері бар. Әлеуметтік факторлардың ішінде спорттық және мә­дени инфрақұрылымның жеткіліксіздігі, жастардың бос уақытын дұрыс өткізе ал­мауы, спирттік ішімдіктерге әуестік пен темекі шегу де дертке шалдыққандар са­нының ұлғаюына ықпал етуде.

Онкологиялық орталықта обырды ерте кезден анықтайтын магнитті-резо­нанстық томография, компьютерлік то­мография аппараты, компьютерлік то­мография симуляторы, 2023 жылдан бері радиожиілік абляция аппараты бар. Биыл қатерлі ісікті емдеуге арналған иннова­циялы желілік үдеткіш орнатылған Бұл – өңіріміздегі алғашқы аппарат. Маңызды жоба «Қазақстан халқына» қорының қар­жылай қолдауының арқасында жүзеге асты. Бұған дейін тұрғындар бұл қызметті алу үшін басқа өңірлерге баратын. «Halcyon желілік үдеткіш пен соңғы буындағы жасанды интеллект жүйесімен жабдықталған компьютерлік томограф сәуле дозасын дәл есептеп, ісіктің шека­расын нақты анықтауға және сәулені тек зақымданған жасушаларға бағыттап ем жүргізуге мүмкіндік береді. Дегенмен ау­дандар мен шағын қалаларға әлі де зама­науи маммографтар мен эндоскопиялық қондырғылар қажет», – дейді Олег Дудяк.

Облыста онколог-дәрігерлер тапшы. Бүгінде 17 медициналық мекемеде онко­логтың міндетін 11 дәрігер қосымша атқаруда, ал тек алтауында ғана толық штаттағы маман бар. Бұдан бөлек, эндоскопист, реабилитолог, онкогинеколог, онколог, химиотерапевт, патоморфолог сияқты мамандарға сұраныс жоғары. Диагностика мен тексерулерден өту үшін дәрігерге алдын ала жазылу қажет: онко­логтың қабылдауына орташа есеппен 4-5 күн бұрын жазылу керек болса, КТ мен МРТ-ға кезек 1,5-2 аптаға дейін созыла­ды.

Дәрігердің айтуынша, онкологиялық науқастар мен олардың туыстарына пси­хологиялық көмек көрсетіледі. Алайда оның деңгейі мен көрсетілетін қызмет са­пасы нақты медициналық ұйымға байла­нысты әртүрлі. Көптеген науқас және олардың туыстары қатерлі ісік диагнозы қойылғанда және оны емдеуге байланыс­ты туындайтын эмоциялық және психо­логиялық қиындықтарды еңсеруде қол­дауға мұқтаж.

Дәрігер алдағы жылы жаңа МРТ, КТ және УДЗ аппараттарын сатып алу жос­парланып отырғанын айтты. Сондай-ақ эксперттік эндоскопиялық орталық ашу көзделген. Бұл өңірде ерте диагностика­ны жетілдіріп, науқастарды сапалы емдеумен қамтамасыз етеді.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp