Біздің өңіріміз онкологиялық аурулардың таралуы бойынша республикада Қарағандыдан кейінгі екінші орында тұр. Үстіміздегі жылдың алғашқы алты айында өңірде 913 жаңа жағдай тіркелген. Бүгінде облыста 11 588 адам диспансерлік есепке алынған.
Облыстық онкологиялық орталық директоры Олег Дудяктың айтуынша, ең көп таралған ауру түрлері өкпе, колоректальды және сүт безі обыры. Биылғы жарты жылда 109 адам өкпенің қатерлі ісігіне шалдыққан, бұл барлық сырқаттанғандардың 12,5 пайызы. Өткен жылмен салыстырғанда шамамен 10 пайызға өскен. Колоректальды обырмен ауырғандар саны 106 сырқатқа көбейген, бұл 12,2 пайыз. Ал сүт безі обыры 97 әйелге қойылып, жалпы көрсеткіштің 11,1 пайызын құрады.
Дәрігердің айтуынша, онкологияның жиілеуіне бірнеше фактор ықпал етіп отыр. Соның бірін өңір тұрғындарының ішінде егде жастағылар үлесінің жоғары болуымен байланыстыруға болады. Мәселен, облыс тұрғындарының 18 пайызы 65 жастан асқандар. Қатерлі ісіктің асқынуына көмір жағу, пешпен жылытылатын үйлердің көптігі, автокөлік түтіні, таза ауызсудың тапшылығы сынды экологиялық жағдайдың да әсері бар. Әлеуметтік факторлардың ішінде спорттық және мәдени инфрақұрылымның жеткіліксіздігі, жастардың бос уақытын дұрыс өткізе алмауы, спирттік ішімдіктерге әуестік пен темекі шегу де дертке шалдыққандар санының ұлғаюына ықпал етуде.
Онкологиялық орталықта обырды ерте кезден анықтайтын магнитті-резонанстық томография, компьютерлік томография аппараты, компьютерлік томография симуляторы, 2023 жылдан бері радиожиілік абляция аппараты бар. Биыл қатерлі ісікті емдеуге арналған инновациялы желілік үдеткіш орнатылған Бұл – өңіріміздегі алғашқы аппарат. Маңызды жоба «Қазақстан халқына» қорының қаржылай қолдауының арқасында жүзеге асты. Бұған дейін тұрғындар бұл қызметті алу үшін басқа өңірлерге баратын. «Halcyon желілік үдеткіш пен соңғы буындағы жасанды интеллект жүйесімен жабдықталған компьютерлік томограф сәуле дозасын дәл есептеп, ісіктің шекарасын нақты анықтауға және сәулені тек зақымданған жасушаларға бағыттап ем жүргізуге мүмкіндік береді. Дегенмен аудандар мен шағын қалаларға әлі де заманауи маммографтар мен эндоскопиялық қондырғылар қажет», – дейді Олег Дудяк.
Облыста онколог-дәрігерлер тапшы. Бүгінде 17 медициналық мекемеде онкологтың міндетін 11 дәрігер қосымша атқаруда, ал тек алтауында ғана толық штаттағы маман бар. Бұдан бөлек, эндоскопист, реабилитолог, онкогинеколог, онколог, химиотерапевт, патоморфолог сияқты мамандарға сұраныс жоғары. Диагностика мен тексерулерден өту үшін дәрігерге алдын ала жазылу қажет: онкологтың қабылдауына орташа есеппен 4-5 күн бұрын жазылу керек болса, КТ мен МРТ-ға кезек 1,5-2 аптаға дейін созылады.
Дәрігердің айтуынша, онкологиялық науқастар мен олардың туыстарына психологиялық көмек көрсетіледі. Алайда оның деңгейі мен көрсетілетін қызмет сапасы нақты медициналық ұйымға байланысты әртүрлі. Көптеген науқас және олардың туыстары қатерлі ісік диагнозы қойылғанда және оны емдеуге байланысты туындайтын эмоциялық және психологиялық қиындықтарды еңсеруде қолдауға мұқтаж.
Дәрігер алдағы жылы жаңа МРТ, КТ және УДЗ аппараттарын сатып алу жоспарланып отырғанын айтты. Сондай-ақ эксперттік эндоскопиялық орталық ашу көзделген. Бұл өңірде ерте диагностиканы жетілдіріп, науқастарды сапалы емдеумен қамтамасыз етеді.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
«Soltüstık Qazaqstan».