«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАТЕРЛІ ДЕРТ СЫРЫ АШЫЛДЫ

М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ғалымдары өңір аумағының экологиясын зерттей келе соңғы жылдары онда радонның мөлшері артқандығын аңғарып, бұл жағдай облысымызда қатерлі ісік ауруының көбеюіне себеп болып отыр деген тұжырым жасады. Облыстық онкологиялық диспансердің деректеріне сүйенсек, 2014 жылы республика бойынша қатерлі ісік ауруының деңгейі 193 промилле болса, біздің өңірде ол – 321 промилле. Бұл жөнінде жергілікті университеттің профессоры Наталья Белецкая былай дейді:

– Адамзаттың денсаулығына қоршаған ортаның әсері зор. Ауада радонның мөлшері артса, одан тұрғындардың денсаулығына үлкен қауіп келеді. Бұл – өкпе ауруын туғызатын (темекіден кейін) екінші қатер. Соның салдарынан әлемде жылына ондаған мың адам көз жұмады. Радон тыныс алу мүшелерінің, азқазанның, қуықтың, тоқ ішектің, терінің қатерлі ісікке шалдығуына үлкен әсер етеді.  

Өңір ғалымдарының зерттеуінен облыстың оңтүстік аумақтарында ауадағы, судағы және жердің беткі қабатындағы радон газының көрсеткіші жоғары екендігі белгілі болып отыр. Университет мамандары Арықбалық, Саумалкөл, Айыртау, Сарытүбек елді мекендерінде жұмыс жүргізген кезде ондағы әрбір ғимаратта радонның мөлшері аса жоғары екендігін анықтаған. Ғалымдар тұрғындары қатерлі ісік ауруына шалдығу жағынан алда келе жатқан Есіл ауданының жағдайына да алаңдаулы.

– Өңіріміздің суларында да радонның мөлшері жоғарылаған. Әсіресе, Есіл ауданындағы – Горное, Айыртау ауданындағы – Саумалкөл, Ғ. Мүсірепов атындағы ауданның Раисовка ауылдарындағы құдықтарда радонның жоғары мөлшері тіркелді, – дейді Наталья Петровна.

Ғалымдардың кеңесіне сүйенсек, бұл қатердің алдын алудың ережелері бар. Мәселен, радон жиналатын қар үйінділерін елді мекендерден алыс аумақтарға апарып төгу, тұрғын үй мен кеңсенің ауасын ұдайы желдетіп, тазартып отыру, суды ішпес бұрын тұндырып алу немесе тазалау сияқты тәсілдердің көмегі зор.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp