Еліміз бойынша қатерлі ісік ауруына шалдығу көрсеткіші біздің облыста жоғары. Қатерлі дертпен күрес жүргізуде аурудың алдын алу маңызды. Әсіресе, скиринингтік тексеру жүргізудің оң нәтижесі бар. Бұл туралы облыстық онкологиялық диспансерде өткен баспасөз мәслихатында айтылды.
Сүт безінің обыры – әйелдер арасында кең тараған қатерлі дерт. Өңірімізде қауіпті аурумен күрес айлығы өтуде. Соңғы тоғыз айдың қорытындысы бойынша өңірде 1318 адам онкологиялық ауруға шалдыққан. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 4,3 пайызға жоғары. Оның ішінде сүт безі обыры бойынша 152 адам есепке алынған.
– Ауруды ерте анықтау мақсатында скринингтік тексерулер жүргізіледі. Бұл шара тұрғындар үшін тегін. Медициналық тексеруден көбінесе 40-70 жас аралығындағы әйелдер өтеді. Үстіміздегі жылы отыз мыңнан астам тұрғынды сүт безінің қатерлі ісігі бойынша медициналық тексеруден өткізу көзделген. Бүгінде жұмыстың тоқсан пайызы орындалды, – деді облыстық онкологиялық диспансердің бас дәрігерінің орынбасары Олег Дудяк.
Ауруды ерте анықтаудың тиімділігі туралы сөз қозғаған онколог-маммолог дәрігер Рашид Алиев скринингтік бағдарламаның арқасында науқастың өмірін құтқарып қалуға мүмкіндік зор екенін тілге тиек етті. Ал ауру асқынған жағдайда бірқатар қиындықтар туындайды. Ол тұрғындарды өз денсаулықтарына жауапкершілікпен қарауға шақырды.
Қазан айының 6-27 күндері аралығында өңір тұрғындары облыстық онкологиялық диспансердің маммолог-онколог дәрігерлерінің тексеруінен өте алатынын айтып өткен жөн.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Soltústіk Qazaqstan”.