«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАТЕРЛІ ІНДЕТ — БІРЛІГІМІЗГЕ СЫН

Елімізде коронавирус індетіне байланысты орын алған ахуал кезінде қазақстандықтардың ынтымағы мен бірлігі аса маңызды. Сондықтан барлық мемлекеттік қызметтер мен қоғамдық бірлестіктердің жұмысы қоғамда тұрақтылықты қалыптасыруға бағытталуда.

 

Бұрнағы күнгі Үкімет отырысында денсаулық сақтау министрі Алексей Цой жергілікті биліктің пандемия кезіндегі жұмысы мен іс-қимылының тиімділігі жеке бағаланатынын атап айтқан болатын. Елдегі жағдайды тұрақтандыру мақсатында өңірлерде он жеті индикатор бойынша мониторинг жүргізілуде. Енді бұдан былай өңір басшыларының бұқаралық ақпарат құралдарының көмегімен әлеуметтік шиеленістерді жоюға, тұрғындардың көзқарасын өзгертуге, шағымдарын уақтылы қарап, дер кезінде жауап қайтаруға қаншалықты қауқарлы екені тексеріледі. Сондай-ақ, дәрі-дәрмектердің бар-жоқтығы және медицина ұйымдарының өтінімдерін бірыңғай дистрибьютордың орындауына мониторинг жүргізу сияқты екі индикатор қосылды. Алқалы жиын барысында Құмар Ақсақалов жетекшілік ететін Солтүстік Қазақстан және Даниал Ахметов тізгінін ұстаған Шығыс Қазақстан облыстарының әкімдері бұл рейтингте көш бастағаны атап айтылды.
Бұл тұрғыдан қарасақ, кәсіподақ ұйымдары пандемия кезінде қоғамда маңызды рөл атқарады және облыс әкімдігінің көрсеткіштерін жақсартуға септеседі. Бүгіндері біздің облыстық кәсіподақтар орталығы еңбек дауларын шешу, медицина қызметкерлерінің құқықтарын қорғау, қиын жағдайларға душар болған азаматтардың өмір сүру деңгейін арттыру, еңбек адамының мәртебесін көтеру мәселелерін шешуге өзіндік үлесін қосуда. Өз өмірлерін қатерге тігіп, жерлестеріне қолдан келген көмегін аямаған ақ халаттыларға қолдау көрсету біз үшін маңызды. Себебі, медициналық қызметкерлер – коронавирусқа қарсы күрестің нағыз батырлары. Осындай қиын кезеңде кәсіподақтың бастауыш ұйымдары ақ халаттыларға материалдық көмек көрсетіп, жеке қорғаныш құралдарымен және азық-түлікпен қамтамасыз етуде.
“SENIM” денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің салалық кәсіподағы” республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалы медицина мамандарына қолдау көрсету бойынша үлкен жұмыс атқаруда. Бүгінгі таңда аталмыш ұйым құрамына ел бойынша 8109 мүшесі бар 30 бастауыш кәсіподақ ұйымы кіреді. Атап айтқанда, бұл ұйымның Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы карантин шаралары енгізілгелі “Жедел жәрдем” қызметкерлеріне 100 мың теңге материалдық көмек көрсетті. Сондай-ақ, оларға залалсыздандыру құралдарын және денсаулық сақтау жүйесінің ардагерлері мен мүгедектеріне азық-түлік себетін сатып алуға қосымша 100 мың теңге бағыттады. Бұдан бөлек, ақ халаттыларға 250 мың теңгенің екі сертификаты, коронавирус жұқтырғаны туралы диагнозы расталған 13 медициналық қызметкерге 130 мың теңгенің қолдауы көрсетілді. Ал көпбейінді қалалық және №1 ауруханалардағы провизорлық стационарларда еңбек етіп жатқан 69 маманға 50 мың теңгенің азық-түлік себеттері жеткізілді.
Медицина қызметкерлерінің күніне орай қоғамдық бірлестік пен оның облыстық филиалы блок-бекеттерде, провизорлық және инфекциялық стационарларда жұмыс істеген 10 сала өкіліне 100 мың теңгенің сертификатын табыстады. Сондай-ақ, қауіпті індетпен күресте белсенділік танытқан бір топ медициналық қызметкер төс белгілермен және грамоталармен марапатталды. Карантин шаралары күшейтілген уақытта облыстық филиал ақ халаттыларды қолдау мақсатында 50 мың теңгенің азық-түлік себеттерін сатып алды. Бұдан бөлек, Шал ақын, Жамбыл, Уәлиханов және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандардағы орталық ауруханалардың қызметкерлеріне 100 мың теңге бөлінді. Осылайша, “SENIM” кәсіподағы Қызылжар өңірінің ақ халаттыларына 2,1 млн. теңге бағыттап, қолдау көрсетті.
Қазіргідей қиын жағдайда ортақ істен облыстық кәсіподақтар орталығының бастауыш ұйымдары да шет қалып отырған жоқ. Атап айтар болсақ, Уәлиханов ауданындағы орталық аурухананың бастауыш ұйымы белсенділік танытып, обаға қарсы 80 қорғаныс костюмін тіктіруге 380 мың теңге бөлгенін атап айтқан жөн. Бұл костюмдер жергілікті 9 блок-бекетте жұмыс істеп жүрген медицина қызметкерлеріне уақытында жеткен көмек болғаны сөзсіз. Ал Петропавлдағы №3 қалалық емхананың кәсіподақ комитеті ақ халаттылардың қоғамдық көлікпен жұмысқа барып келуіне жұмсалатын жол шығынын өтеді. Бұл мақсатқа жалпы 187 мың теңге жұмсалды. Басқа да бастауыш ұйымдар дәрігерлердің жол шығынын өтеу бойынша көмек көрсетті.
Біздің орталық өңіріміздегі салалық кәсіподақ кеңестерімен тығыз байланыс орнатқан. Соның нәтижесінде, мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету салалық кәсіподақ ұйымының өкілдері денсаулық сақтау саласының қызметкерлеріне қолдау көрсетті. Олардың бастамасымен облыстық полиция департаментінің госпиталі мен бірінші қалалық аурухана ұжымына 120 мың теңгенің 10 қорғаныш костюмі сатып алынды. Сонымен қатар 5 блок-бекеттің қызметкерлеріне 50 мың теңгенің азық-түлік себеті және жеке қорғаныш құралдары жеткізілді. Бұдан бөлек, әлеуметтік қызмет көрсету орталығының мамандарын қажетті медициналық бетперделермен қамтамасыз етуге және тамақтану мәселесін шешуге 250 мың теңге бөлінді. Бұл мақсатқа жалпы 420 мың теңге бағытталған болатын. Кәсіподақтар ұйымдары уақытында ұйымдастырған бұл қолдау шаралары медициналық мекемелердегі еңбек ұжымдарын біріктіріп, олардың жұмыс істеуіне жағдай жасады деп ойлаймыз.
Елімізде коронавирус індетіне байланысты орын алған ауыр жағдай кезінде ақ халаттылар науқастардың өмірін ажал аузынан құтқару жолында жанқиярлықтың ерен үлгісін көрсетуде. Сондықтан облыстық кәсіподақтар орталығының бастауыш ұйымдары алдағы уақытта да медицина қызметкерлеріне қолдау көрсетуді жалғастыратын болады.

Ерік НҰРАҚАЕВ,
облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы. 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp