
Биыл тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында қатерлі ісік ауруларына қарсы күреске 2,8 миллиард теңге бөлінді.
Үстіміздегі жылы тұрғындарға тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында қызмет көрсетілуде. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі барлық тұрғындар үшін әлеуметтік стандартқа айналса, сақтандыру пакеті қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған медициналық көмектің қалған тізбесін қамтиды. Әлеуметтік мәні бар аурулардың тізіміне енген қатерлі ісікке шалдыққан сырқаттарды емдеу тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында жүзеге асырылады. Аталмыш медициналық қызмет түрі медициналық сақтандыру қоры есебінен қаржыландырылады.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры облыстық филиалы мамандарының айтуынша, 2020 жылы біздің өңірде сырқаттарды емдеуге (сәулелік, химиялық терапия жүргізуге), онкогематологиялық науқастарға көмек көрсетуге 2,8 миллиард теңге бөлінді. Мамандар онкологиялық аурулардың алдын алу үшін скринингтік зерттеулер жүргізудің маңызын айтуда. Мәселен, қатерлі ісік аурулары ерте кезеңде анықталса, емдеу шығындарын да қысқартуға болады. Дәрігерлер тұрғындарға 30 жастан бастап жыл сайын тегін скринингтік тексеруден өтуге кеңес береді.
Қазіргі уақытта қатерлі ісік бойынша скринингтің үш түрін тегін өтуге болады. Жатыр мойыны, сүт безі, тоқ ішек пен тік ішек обырынан тексерілу үшін мамандардың көмегіне жүгінген жөн.