Өңірімізде 10 мыңға жуық тұрғын онкологиялық дертке шалдыққан. Соның 1974-інде сырқат өткен жылы анықталған.
Былтыр облыс орталығында заманауи құрылғылармен жабдықталған онкологиялық диспансердің жанынан қосымша ғимарат пайдалануға беріліп, науқастарға сапалы медициналық қызмет көрсету үшін қажетті жағдай жасалды.
– 2019 жылы өкпе обыры 245 адамда анықталды. 2018 жылы бұл көрсеткіш 216 еді. Заманауи құрылғылардың арқасында ауруды ерте сатыда анықтауға мүмкіндік алдық. Біздің өңірде тыныс алу жүйесі аурулары өзге аймақтарға қарағанда көп таралған. Бұған салқын ауа райы мен темекі шегетін адамдардың көптігі әсер етеді, – деді облыстық онкологиялық диспансердің онкология блогының жетекшісі Олег Дудяк.
Мамандардың айтуынша, аурудың алдын алудың тиімді әдісі – скринингтік тексерулер. Қолданыстағы заманауи құрал-жабдықтар да қатерлі ісікті ерте анықтауға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда аталмыш диспансерде обыр ауруының үш түрі бойынша скрининг жүргізіледі. Сүт безі обырына қарсы 40-70 жастағы әйелдерді екі жылда бір рет тексеру тәжірибеге енгізілген. Соның нәтижесінде өткен жылы 93 сырқат тіркеліп, 66 пайызында обырдың бастапқы сатысы анықталған. Ал жатыр мойыны қатерлі ісігіне 18 әйел шалдықты. Мамандар биылдан бастап қатерлі ісікті бастапқы кезеңде анықтау көрсеткіші одан әрі артатынына сенімді. Өйткені, үстіміздегі жылы өңір тұрғындары үшін компьютерлік томографиядан тегін өту қолжетімді болмақ.
Гүлнәр САЙЛАУҚЫЗЫ,
облыстық денсаулық сақтау басқармасының
баспасөз хатшысы.