«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАТЕРЛІ ІСІКТІ ЕМДЕЙТІН ҚҰРЫЛҒЫ

Облыстық онкологиялық орталықтың материалдық-техникалық базасы жаңа заманауи құрылғымен толықты. Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов пен «Қазақстан халқына« қоғамдық қорының төрайымы Ләззат Шыңғысбаева оны салтанатты түрде іске қосты. Ол емдеу сапасын арттырып, медициналық мекемелердің жұмысын оңтайландырады және науқастарға жоғары деңгейдегі терапияны қолжетімді етеді.

«Varian Halcyon« аппараты – заманауи медицинадағы технологиялық жаңалықтардың бірі. Қатерлі ісік ауруын емдеуге арналған жоғары дәлдіктегі радиотерапиялық құрылғыны «Varian Medical Systems« компаниясы жасап шығарған.

– Құрылғының басты ерекшелігі сәулелендірудің жоғары дәлдігі мен толық бақылауда болуы. Бұл ісікті нақты нысанаға алып, сау тіндерге келетін зақымды барынша азайтуға мүмкіндік береді. Құрылғы әртүрлі типтегі ісіктерді сәулелендіруге бейімделген. Оның жоғары өткізгіштік қабілеті емдеу үдерісінің жылдам әрі тиімді болуына септігін тигізеді, – дейді сәулелік терапия бөлімінің меңгерушісі Хабдрахман Беркімбаев.

Алма Араспаева – орталықта ем алып жүргендердің бірі. Өткен жылдың қазан айында науқастың басына ота жасалған.

– Ота сәтті аяқталғаннан кейін осы орталыққа жіберді. Осы жерде 4 ай ем алдым. Кейін маған жаңа сәулелік терапиядан өтуді ұсынды. 30 сеанс қабылдадым. Қазіргі таңда өзімді әлдеқайда жақсы сезінемін. МРТ жасағаннан кейін емнің нәтижесі белгілі болады, – дейді Алма Жамалқызы.

Рабиға ЕРАЛЫ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp