Облысымыз қатерлі ісік дерті бойынша үш жыл қатарынан республикада “көш бастап” келеді. Ол жайында Дүниежүзілік қатерлі ісікке қарсы күрес күніне орай облыстық онкологиялық диспансерде өткен баспасөз мәслихатында айтылды.
Әлемде обыр ауруының 100-ден астам түрі бар. Дерттің алғашқы белгілері әрқилы болғандықтан, емделу жолдары да әртүрлі. Облыстық саламатты өмір салтын қалыптастыру проблемалары орталығының дәрігері Ирина Артющиктің айтуынша, бұл дертті жеңудің бірден-бір жолы – дұрыс тамақтану, дене шынықтырумен айналысып, зиянды әдеттерден сақтану. Дерттің алдын алу скринингтік тексерістерге байланысты.
Қазіргі таңда аталмыш тексеріс 8 бағыт бойынша жүргізіліп келеді. Тегін өткізілетін медициналық тексерістерге тұрғындардың басым бөлігі немқұрайды қарайды. Бұл қатерлі ісікті емдеуде дәрігерлерге қолбайлау болып тұр. Себебі, обырды алғашқы деңгейінде емдеу тиімдірек. Дегенмен, 2013 жылға қарағанда дертті 3-ші, 4-ші деңгейде анықтау өткен жылы 2,3 пайызға төмендеген. Ал, сырқаттың таралымы 100 мың адамға шаққанда 2,2 пайызға өскен. Біздің өңірде республикадағыдан 64,7 пайызға көп. Оның себебін онкологиялық диспансердің бас дәрігері Ермек Әбдірімов өзге облыстарға қарағанда өңіріміздегі халық санының басым бөлігін егде жасқа келген тұрғындар құрайтындығымен түсіндірді.
Онколог дәрігерлердің көздегені – дертті ерте кезде анықтау көрсеткішін ұлғайтып, науқастың ғұмыр жасын ұзарту. Облысымызда обырды ерте кезде анықтау 2014 жылы 56 пайызға жеткен. Өзге өңірлермен салыстырғанда, қатерлі ісіктен болған өлім-жітім әлдеқайда төмен десек те, облыста бұл көрсеткіш Аққайың, Қызылжар және Есіл аудандарында әлі жоғары. Ауруға шалдыққан солтүстікқазақстандықтардың ішінде өкпе қатерлі ісігі екі жыл қатарынан бірінші орында тұр. Сүт безі, тері, асқазан, тік ішек пен тоқ ішек обырына шалдыққандар да көп.
Онкологиялық диспансерде өткен жылы ота жасаудың жаңа әдістері енгізілген.
Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.