Жылдың басында газетімізде “Tіkeleı baılanys” атты жаңа айдар ашылғанын, тұрғындар оның алғашқы қонағына онкологиялық ауруларға қатысты өздерін мазалаған сауалдарын жолдай алатынын хабарлаған едік. Облыстық онкологиялық диспансердің бас дәрігері Қабдрахман Сақтағановтың оқырмандарымыздан келіп түскен сауалдарға берген жауабын назарларыңызға ұсынып отырмыз.
Сағынгүл САРБАСОВА, заңгер, Петропавл қаласының тұрғыны:
– Дәрігерлер әлем жұртшылығын алаңдатып отырған қатерлі ісік ауруларын ерте анықтаудың және алдын алудың бірден-бір жолы – скринингтік тексеру екенін айтады. Мұндай тексерулерден толық өту үшін адамның жас мөлшері де белгіленген. Мысалы, асқазан обырын анықтау үшін отыз бен алпыс жас аралығындағы адамдар тексеруден өтуі тиіс. Нағашы әпкем осыдан бірнеше жыл бұрын отыз төрт жасында сүт безі обырына шалдығып, өмірден озды. Үнемі дәрігерлерге қаралып, өзінің денсаулығына ерекше күтіммен қарайтын марқұм скринингік тексеруден өту үшін диспансерге барса, ақхалаттылар оған уақыт өткізіп алғанын айтқан. Ем-шаралар нәтиже бермеді. Менің сұрайын дегенім, скринингтік тексеруден дәрігерлер белгілеген жаста өту міндет пе немесе кез келген жастағы адам өзінің қалауы бойынша қарала ала ма?
– Онкологиялық ауруларды ерте анықтау мақсатында елімізде 2008 жылдан бері скринигтік бағдарлама жүзеге асырылып келеді. Жатыр мойны қатерлі ісігін ерте анықтау үшін 30 бен 70 аралығындағы әйелдер тексерілуде. Сүт безі қатерлі ісігін анықтау үшін 40-70 жастағы нәзік жандар алдын ала тексеруден өтеді. Өткен жылдан бастап тік ішек және тоқ ішек қатерлі ісігін алдын ала анықтау үшін 50-70 жастағы азаматтар тексеруден өтетін болды. Мұның себебін осы дертке шалдығушылар санының жиілеуімен түсіндіруге болады. Бұл жұмыс бастапқы санитарлық-медициналық көмек көрсету мекемелеріне міндеттелген. Қатерлі ісік алғашқы сатысында анықталған жағдайда аурулардың жазылып кету мүмкіншілігі 80-85 пайызға тең. Ал ауру кеш анықталған жағдайда сауығып кету мүмкіншілігі 15-20 пайыз ғана. Сондықтан әрбір азамат өздері қарайтын емханаларға барып, алдын ала тексеруден өтуі міндет. Обыр ауруы жыл өткен сайын жасарып барады. Біз айтып отырған тексерулер – аурудың алын алу үшін әлемдік деңгейдегі мықты дәрігерлер мен ғалымдар ойлап шығарған әдіс. Бұл аталмыш дертке шалдығушылар нақты белгіленген жаста көп кездесіп отырғанын көрсетеді. Әйтсе де, “ауру айтып келмейді” деген қағиданы да есімізден шығармағанымыз абзал.
Сіздің әпкеңіз шалдыққан сүт безінің қатерлі ісігі өзге онкологиялық аурулармен салыстырғанда бірінші орында. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, жыл сайын осы қатерлі дертке қатысты 1 миллион жаңа дерек кездеседі. Сондықтан сүт безінің қатерлі ісігі бүгінгі таңда өткір де өзекті мәселенің бірі ретінде біздің ғана емес әлемдегі онколог-маммолог дәрігерлердің назарында тұр. Ісіктің өзі қатерлі және қатерсіз деп екіге бөлінеді. Оның асқынған, асқынбағанын ауруға функция жасап, цитологиядан өткізіп барып анықтайды. Егер цитология қатерлі ісік деп тапса, онда адам дереу есепке алынады. Науқас мемлекеттік бақылауға алынғаннан кейін диспансерлік ем жүргізіледі. Басқа ісік ауруларына қарағанда, ол батып ауырмайды. Сондықтан сүт безі қатерлі ісік ауруының кеудеде пайда болғанын әйелдер айлап, жылдап сезбей қалады. Сөйтіп, ауруын асқындырып алады да, дерттің 3-ші, 4-ші сатысында ғана дәрігердің көмегіне жүгінеді. Оған скринингтік тексеруде көрсетілген жас мөлшерінің қатысы жоқ.
Дариға ЖОЛДЫБАЕВА, мұғалім, Новоишим ауылының тұрғыны:
– Мені онкологиялық диспансердегі ультрадыбыстық зерттеу аппаратының (УЗИ) қызметі қанағаттандырмайды. Қашан барсаң ұзын-сонар кезек. Жуырда маммолог-дәрігерге көрінген едім. Маған ең алдымен УЗИ-ге түсу керектігін, сараптама қорытындысымен ғана қабылдайтынын айтты. Ал УЗИ кабинетінің мамандары кезегімнің бір айдан кейін келетінін жеткізді. Жаны ауырған адам үшін бір ай түгілі бір сағат уақыт қадірлі емес пе?
– Сұрағыңыздан ұққаным, сіз диспансерде тіркеуде тұрған жоқсыз. Біз жолдамамен келген және нақты диспансердің есебінде тұрған науқастарды қабылдаймыз. Әр медициналық мекеме министрлік бекіткен қаулы бойынша жұмыс істейді. Пациенттерді қабылдаудың, оларға қажетті ем қолданудың өз тәртібі бар. Өзіңіз тұратын ауылдағы мамандар сізді облыс орталығындағы жекеменшік клиникалардағы УЗИ кабинетіне жіберген сияқты. Сол себепті сіз мекеме қызметіне қол жеткізе алмайсыз.
Диспансердің УЗИ кабинетінде адамдар кезекке тұратынын жасырмаймыз. Алайда, сіз айтып отырғандай, ұзын-сонар емес. Мәселен, УЗИ қызметіне жүгіну үшін бүгін хабарласқан адам бұған бір аптадан кейін қол жеткізе алады. Өйткені, күн сайын шипасына ем іздеп келетіндер саны көбейіп келеді. УЗИ кабинетінде жоғары санатты мамандар қызмет етеді. Олар сырқаттарды арнайы жолдамамен және алдын ала келісілген уақыт бойынша қабылдайды. Сонымен қатар науқастарды ақылы негізде және тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі есебінен де қабылдау қызметі қарастырылған. Жұмыс уақыты: таңғы сағат 8-ден кешкі 17-ге дейін. Күн сайын орта есеппен жүзге жуық адам осы қызметті пайдаланады. Заманауи қондырғының жұмыс істеу жылдамдығына қарап мұны жақсы көрсеткіш деп бағалауға болады.
Осы орайда обырға шалдыққаны анықталып, ота жасалып (облыстық онкологиялық диспансерде есепте тұрған, еліміздің кез келген өңіріндегі медицина мекемесінде ем қабылдаған), тағы қосымша ем-домды қажет ететін адамдар бөлек қабылданатынын айта кеткім келеді. Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен мүгедектері, оларға теңестірілген тұлғалар, мүмкіндігі шектеулі адамдар, ауыр жағдайдағы науқастар кезексіз қабылданады.
Айдын САҒАТҰЛЫ, зейнеткер, Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның тұрғыны:
– Диспансердегі дәрігерлер талонсыз қабылдамайды. Ал талон көп жағдайда бола бермейді. Бұл біз сияқты шалғай ауылдарда тұратындарға, облыс орталығына арнайы ат арытып келетіндерге қиындық тудыруда.
– Біздің мамандарға осы сауал жиі қойылады. Диспансерде дәрігерлердің қабылдауына жазылуды ұйымдастыратын Call-орталық жұмыс істейді. Аталмыш орталықтың 8-7152-35-00-08 немесе тіркеу бөлімінің 46-60-08 нөмірлеріне хабарласып, алдын ала жазылуға болады. Барлық тұрғынға қолжетімді. Бұл науқастардың өз уақыттарын үнемдеуіне жол ашады.
Гүлайна ӘШІРБАЕВА, мұғалім, Мамлют ауданындағы Покровка ауылының тұрғыны:
– Мамлют ауданында онколог дәрігер жоқ. Сенбі күндері диспансерден арнайы мамандар келіп, науқастарды қабылдауы тиіс. Алайда, осы күндері аудандық ауруханаға барсаң дәрігерлер көп жағдайда бола бермейді. Біздің ауыл аудан орталығының іргесінде. Шалғайда жатқан елді мекендерден де дертіне ем іздеп келетіндер аз емес. Мұны қалай түсінуге болады?
– Бұл сұрақты аудандық аурухананың бас дәрігері немесе облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысына қойғаныңыз дұрыс болар. Сізге нақты жауапты сол кісілер береді. Сауалыңыз бізге де қатысты болған соң айта кеткенім жөн шығар, біздің облысымызда түрлі санаттағы дәрігерлер жетіспейді. Солардың қатарында онколог мамандар да тапшы. Облыс орталығында осындай мәселе туындап жатқанда, аудандардағы жағдай айтпасақ та түсінікті ғой. Мамлют ауданында онколог дәрігерлердің жоқтығынан туындайтын мәселелер бар.
– Сандуғаш БӨЛЕКБАЕВА, банк қызметкері, Петропавл қаласының тұрғыны:
– Өткен жылы облыстық кардиологиялық орталықтың рентген-хирургі Дмитрий Тё обырдың алдын алуға жәрдемдесетін мобильді қосымша ойлап тапқанын облыстық газеттен оқып, қуанған едім. Үш жылдан бері асқазанның қатерлі ісігіне скрининг жүргізіп жүрген дәрігердің онлайн-жобасы республикалық байқауда екінші орынды жеңіп алыпты. Мобильді қосымша азаматтарға үйден шықпай-ақ дәрігерден ақыл-кеңес алуға, қатерлі ісікті анықтау үшін арнайы тестілеуден өтуге мүмкіндік беретінін естідім. Оның жұмысы бүгінде мүлдем байқалмайды. Соны білейін деген едім.
– Аталмыш қосымша жеке инвесторлардың қаржысына шығарылғандықтан, оларды диспансерде қолдану әзірге мүмкін болмай отыр. Жаңа құрылғыны салаға енгізу үшін ғылыми дәлелденіп, оның алдағы жұмыс нәтижелілігі анықталуы керек. Сонымен қатар қосымша қаржыны да қажет етеді.
Бердібек ХАБАР, зейнеткер, Уәлиханов ауданының тұрғыны:
– Онкологиялық аурулардың алдын алуға сарымсақ пен қымыздың пайдасы зор екенін естіген едім. Сіз қандай кеңес бересіз?
– Бүгінде дүниенің төрт бұрышы бұл дертпен бірігіп күресуге мүдделі. Қатерлі ісіктің неден пайда болатынын, асқындырмау мен алдын алу мәселелерін де әлемнің оқымыстылары қосылып зерттеуде. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының қолдау көрсетуімен обырға қарсы халықаралық одақ қатерлі ісік ауруларына қарсы күрес күнін 2006 жылдың 4 ақпанынан бастап жыл сайын өткізіп келеді. Осы күні бүкіл әлем дәрігерлері сияқты Қазақстандағы, өңіріміздегі медицина мамандары да онкологиялық ауру – жаһандық және аса маңызды мәселе екендігін тұрғындардың есіне салады.
Халықаралық зерттеу мәліметтеріне көз салсақ, қатерлі ісіктің пайда болуына – шылым шегу (30 пайыз), дұрыс тамақтанбау (35 пайыз), жұқпалы факторлар (10 пайыз), кәсіби канцерогенді әсер етулер (4-5 пайыз), иондық сәулелену (4-5 пайыз), ультракүлгін сәулелену (2-3 пайыз), ішімдікті пайдалану (2-3 пайыз), ауаның ластануы (1-2 пайыз), дене қимылының аздығы (4-5 пайыз) әсер етеді екен. Әрбір адам ісік ауруларын жазылмайтын ауру деп ұқпауы керек. Алайда, сырқаттанушылардың 50 пайызға жуығы қатерлі ісікке шалдығудың 3-4 (кеш) кезеңінде ғана мамандардың көмегіне жүгінеді екен. Шеңгеліне түскен адамды білдірмей жейтін обырдың қауіптілігі де осында. Сондықтан да осындай дерттің бар екендігін адамдар еш қаперден шығармауы қажет.
Қатерлі ісіктің құлаш жаюын едәуір төмендету үшін дәрігер ретінде ең қарапайым, алайда, аса тиімді мынадай ережелерді ұстануға кеңес беремін: шылым шегуден бас тарту, артық салмақпен күресу, саламатты өмір салтын ұстану және спортпен ұдайы шұғылдану, дұрыс тамақтану, жеміс пен көкөністердің қажетті мөлшерін тұтыну, ұзақ уақыт күн астында жүруден немесе солярийге барудан аулақ болу, жас ерекшелік тобына сәйкес алдын алатын скринингтік тексерулерден тұрақты өтіп тұру. Біз осы дертке шалдыққан науқастардың жағдайларына сараптама жүргізе келе, олардың дені тұрмысы төмен отбасылардан шыққанын, күйзеліске (депрессия) жиі ұшырайтынын анықтадық. Бұл адамды ауруға шалдықтыратын ғылыми дәлелденген фактілер. Ағзамыздағы кінәраттарға бейжай қарамаудың арқасында онкологиялық аурулардың асқынуының алдын алуға болады. Көп адамдар дұрыс тамақтануды уақытында тамақ ішу деп қана түсінеді. Бұл қате. Адам мейілінше дәрумендерге бай тағамдарды тұтынса, дені де сау болады. Сарымсақ пен қымыздың қандай да бір нақты пайдасы бар екені дәлелденбеген.
Сағидолла ЕГІЗБАЙ, II топтағы мүгедек, Уәлиханов ауданының тұрғыны:
– Былтыр диспансерде ота жасаттым. Бәрі сәтті өтті. Дәрігерлерге де ризамын. Алайда, сонау Уәлиханов ауданында тұратындықтан маған қайта келіп, тексерілуге мүмкіндік болмады. Ота жасалғаннан кейін дәрігерлер біраз уақыт науқастарды бақылауына алса деген тілегім бар.
– Бұл орайда сіз тұратын ауылда немесе аудан орталығында онколог мамандардың жоқ екені байқалады. Біздің диспансерде ем қабылдаған адамдар үнемі дәрігерлердің бақылауында болады. Яғни, әр пациенттің өмірі біз үшін қымбат. Ем алған немесе ота жасатқан адам бірінші жылы әр үш ай сайын онколог дәрігерге қаралады. Одан кейін науқастың жағдайына қарай қаралу мерзімі ұзартылып отырады.
Еген БАЛТАБАЕВ, полиция қызметкері, Петропавл қаласының тұрғыны:
– Айыртау және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарда бұрынғы уран кен орындарының жарым-жартылай ашық қалуынан радиоактивті зиянды заттар тарап жатқаны, соның кесірінен онкологиялық аурулардың өршіп тұрғаны рас па? Осы жайында толығырақ ақпарат бере кетсеңіз.
– Жоғарыда атап өткенімдей, қатерлі ісік ауруларына түрлі жағдай себеп болуы мүмкін. Экология, қоршаған ортаның ластануы – солардың негізгісі.
Аталмыш аудандарда бұрынғы уран кен орындары маңында 1992-1993 жылдары консервациялау жұмыстары жүргізілген. Бүгінде олардың адам денсаулығына қаупі жоқтығы дәлелденіп отыр. Мұны Айыртау және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандардағы онкологиялық ауруға шалдығушылар санының аздығынан аңғаруға болады. Аталмыш аудандардағы жағдай соңғы 20 жыл бойы тұрақты.
Дайындаған Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Soltústіk Qazaqstan”.