
Бүгінгі қонағымыз – Петропавл қаласының тұрғыны Гүлайым Шаяхметова ас атасы – нанның бірнеше түрін ұсынады.
Қаттама нан – ұннан жасалатын тағамдардың өте дәмді түрі. Май, жұмыртқа, сүт қосып иленетін қамырына ашытқы салмайсыз. Бірақ қатты етіп илеу керек. Қамырды жұқа етіп жайып, жайманың бетіне сарымай жағылады. Осыдан кейін қамырды орама тәріздес етіп қабаттап орайсыз да, пышақпен бірнеше бөлікке бөліп, әр бөлікті қайта жаясыз. Орташа қалыңдықпен жайылған қамырды қазанда қыздырылған майға пісіресіз.
Жұқа нан – бұл да қаттама сияқты дайындалады. Бірақ қамырын қатпарлап жаймайсыз. Ет қамыры секілді өте жұқа етіп дайындап, қызған қазанға екі жағын аудара отырып, пісіріп аласыз. Қамыры тым жұқа болғандықтан, қытырлақ болады. Жұқа нанды дастарқанға сорпамен бірге қояды.