Облыста қатты дауылдың салдарынан бір ғимараттың шатыры ұшып кетті.
Өңірлік төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің баспасөз қызметінің мәліметінше, оқыс оқиға Шал ақын ауданы Сергеевка қаласында орын алған. Дауыл тұрып, қатты жел Малдыбаев көшесі, 11 мекенжайында орналасқан қазақ мектебі ғимаратының шатырын жұлып әкеткен.
«Желдің қуаты секундына 28 метрді құрайды. Қазақ орта мектебінің профлистпен жабылған шатыры дауылға төтеп бере алмай, жұлынып кетті. Ғимараттың жалпы аумағы 1 мың 300 шаршы метр болса, соның жартысына жуығы зақымданған. Бірақ бұл оқу процесіне әсер еткен жоқ. Абырой болғанда, оқиға салдарынан қаза тапқандар, зардап шеккендер жоқ. Қазіргі таңда келген шығын мөлшері анықталып жатыр», – деді облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент бастығының орынбасары Нұрлан Атығаев.