Соңғы кездері үй жануарларын қатыгездікпен қорлаушылардың жауыздық іс-әрекеттері қоғамда үлкен наразылық тудырып, тиісті жерлерге қарата айтылған өтініш-тілектер заң нормаларын қайта қарап, барынша қатайту керек деген ортақ арнаға тоғысады. Шынында да, пайдасынан басқа зияны жоқ төрт аяқтыларға көрсеткен тағылық мінездер жаға ұстатады. Атыраулық тасжүрек иттің басын тоңазытқыштың есігіне қысып, адамның өңі түгіл түсіне де келмейтін қылмысқа барған. Алматы облысында жасөспірімдер итті қапқа салып, үстіне бензин құйып, өртеп жіберген. Жүректі селт еткізетін мұндай сұмдық жағдай Қызылжар ауданында да орын алған. Көршілері дабыл қақпағанда жабулы қазан күйінде қалып, жазадан құтылып кетер ме еді? Бескөл кентінің екі тұрғыны итті сойып, еті мен майын алмақшы болған. Олардың жауыздық пиғылы дер кезінде тәртіп сақшыларына хабарланған. Бір аңғарғаным, үй жануарларын еш шімірікпестен қорлаушылардың дені – балиғат жасына толмағандар. Олардың қолдары дірілдеместен мұндай әрекеттерге баруы қарадай түңілдіреді.
Жуырда елімізде жануарларды қорғауға қатысты жаңа заң жобасы әзірленіп жатқанын естіп, көңіліме үміт оты ұялады. Ол туралы Қазақстанда жануарларды қорғауға қатысты заң жобасы талқыланған Экология министрлігінің онлайн басқосуында айтылды. Министр Мағзұм Мырзағалиевтың мәлімдеуінше, жануарларға қатыгездік көрсеткен адамдар жайлы жұртшылық тынымсыз дабыл қаққанымен, тағайындалатын жазалардың тым жеңілдігінен жауапкершіліктен оңай құтылып кетеді екен. Енді қоғамдық пікірлер барынша ескеріліп, хайуанаттарға қойылатын талаптар барынша күшейтілетіні қуантады.
Қылмыстық кодекске адам жануарға қорлық көрсетсе, әкімшілік хаттама толтырылып, 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады немесе 180 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тартылады, болмаса 60 тәулікке қамауға алынады деген ұсыныс қабылданған жағдайда жағдайдың оң сипат аларына күмән жоқ. Қатыгездерге қатаң заң ғана тосқауыл бола алады.
Қайрат ДҮЙСЕНБИН,
заңгер.