«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАТЫГЕЗДІК ҚҰРБАНЫ болған әйелдің артында төрт ұл-қызы аңырап, жетім қалды

Астананың қақ ортасында күйеуі өртеп өлтірген келіншектің денесі туған жері – Жамбыл ауданының Ольговка елді мекенінде жер қойнына тапсырылды.

Қазақ тілі пәнінен сабақ берген ұстаздың асқан қатыгездікпен өлтірілгеніне қабырғалары қайысқан ауылдастары оны ақырғы сапарға аттандырып салды. Қайырымды жандардың ендігі ойы – марқұмның артында қалған 3 ұлы мен 1 қызына көмек беру. Әзірге жиналғаны – 100 мың теңге.

«Светлананың басындағы қиындықты білмедік. Күйеуі туралы ешқашан жаман сөз айтпайтын. Енді жетім қалған балаларына барынша көмектескіміз келеді. Сол себепті қаржылай жәрдем жасау шарасына жаппай үнқосуды қалаймыз», – дейді қырық жасында кісі қолынан қаза тапқан марқұмның ауылдасы, Петропавл қаласындағы Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектептің директоры Сайран Мұстафина.

Сайран Бикенқызы Қостанай жақтан көшіп келген отбасының Айгүл есімді қызымен бір сыныпта оқыпты. Онда Света бұрымы желкілдеген ойын баласы екен. Күйеуге шыққалы бағы ашылмаған, соры арылмаған бейбақ былтыр ұл-қыздарын алып, Қызылжар өңіріне қашып келіпті. Өзі Петропавлдағы №4 мектепке орналасса, 7-сыныпта оқитын ұлын Сайран қарамағына алыпты. Алайда, қатыгез әке бұларды тауып алып, әңгіртаяқ ойнатқан күйі зорлықпен кері алып кетіпті. Оның соңы талайларды қайғыдан қан жұттырып, көпбалалы шаңырақты күйретіп тынды.

Еске сала кетейік, іздеу жарияланған Қанат Ғайсаұлы Сәдуов – Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданының тумасы. Қаскөй 26 мамырда елордадағы №25 мектептің ауласында бұрынғы әйелінің үстіне бензин құйып, өртеп жіберген. Жанұшырып ерсілі-қарсылы есі шыға жүгірген оны кездейсоқ адамдар байқап, құтқарып алғанымен, мойнын, қолдарын, арқасын түгел күйік шалған келіншек 30 мамыр күні көз жұмған.

Астана қалалық ішкі істер департаменті криминалдық полиция басқармасы іздеу салған хабарламада аса ауыр қылмыс жасаған екіаяқты айуан жайлы: «Бойы 175-180 см, көзі қоңыр, шашы қара, қысқа, дене бітімі арық. Бұлтартпау шарасы – қамауға алу», – деп жазылған.

Өмір ШАЛАБАЙҰЛЫ,

«Солтүстік Қазақстан».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp