«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАУЫРТ ШАҚТАҒЫ ҚАРБАЛАС

Қазір қырдағы шаруа қызған шақ. Диқандар астықты ысырапсыз жинап алу үшін уақытты тиімді пайдаланып қалуға асығуда. Аққайыңдық шаруаларды да егіс басынан табасың. Аралағаш ауылындағы “Сан-Ар” шаруа қожалығының техникалары танап басында жүйткіп жүр.

– Жаз бойы баптаған бидайды оруды биыл уақытынан кеш бастадық. Толассыз жауған жауын қолбайлау болды. Бірақ бидай бітік шықты. Сондықтан әр минутты ұтымды пайдаланып, өнімді ысырапсыз жинап алу керек, – дейді шаруа қожалығының басшысы Ұлан Мейірманов. Ал механизатор Рәшид Ибраев өзіне артылған сенімді ақтауға тырысуда. Жоспарды артығымен орындауға күш салған тәжірибелі маман биыл орақты бірер аптада аяқтауға күш салып жатқандарын жеткізді. Қырдағы дүбірлі еңбектің көрігін қыздырған азаматтар егін орумен қатар, оны жүк көлігіне тиеп, қырманға тасуда.

Жалпы, шағын қожалық болса да жиырма жылдан астам ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істеп жатқан олар егіс алқабын кеңейтуді жоспарлап отыр. Әкелі-балалы Ұлан мен Ардақ Мейірмановтар биыл гектар берекелігі 20-22 центнерден айналып, шаруалардың еселі еңбегі ақталатынына сенімді.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Аққайың ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp