Облыс әкімі Ерік Сұлтанов Айыртау және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарында орақ науқанының барысына және мал шаруашылығындағы істің жайына назар аударды.
Биыл айыртаулық диқандар 303,7 мың гектар алқапқа дәнді дақылдар тұқымын сіңірген болатын. Бүгінгі күні оның 70 пайызға жуығы орылып, 53,5 пайызы бастырылды. Гектар шығымдылығы орта есеппен 16,2 центнерден айналуда.
Аудан картоп пен көкөністен де бірсыдырғы тәуір өнім алуда. Биылғы жылы 2,6 мың гектарға картоп отырғызылса, ол толық жинап алынды.
Өңір басшысы аса жауапты науқанды дер кезінде аяқтап шығу үшін облыс бойынша күн сайын орта есеппен 170 мың гектар жердің егіні жиналуы керектігін, ал Айыртау ауданының үлесі 15 мың гектардан кем болмауы қажеттігін атап айтты. Сондықтан жұмыс қарқынын әлі де болса еселей түскен жөн.
Аудандағы “Лавров” ЖШС 10 227 гектарға ырыс дәнін сіңіріпті. Серіктестік ауыл шаруашылығы техникаларымен толық қамтамасыз етілген. Жанар-жағармайдан тапшылық жоқ. Ауа райының қолайлы кезін ұтымды пайдалануға ұмтылған диқандар уақытпен санасуды білмейді. Серіктестік директоры Мұқтар Махметов облыс әкіміне осы жайында айтып берді.
Ерік Сұлтанов ашық күндерді барынша тиімді пайдаланып қалу үшін егін жинау жұмыстарын екі ауысымда ұйымдастыру керектігін қадай айтты.
Облысымызда туризм жақсы дамыған жалғыз жер – Айыртау ауданы. Өңір басшысы айыртаулықтарға қолда бар мүмкіндікті кеңінен пайдаланып, алдағы уақытта демалыс орындарын көптеп ашуды міндеттеді. Өйткені, аудандағы туризмнің дамуы облыстың жалпы жағдайының жақсаруына да айтарлықтай ықпал етеді.
Сапар кезінде Серік Хамзаұлы “Златогорка”, “Кирилловка – Айыртау” ЖШС-лерінің егін алқаптарында болды. “Златогорка” серіктестігі биылғы жылы 5589 гектар алқапқа – дәнді, 2400 гектар жерге майлы дақылдар егіпті. Мемлекеттен 22,4 млн. теңге көлемінде демеуқаржы алған. “Кирилловка – Айыртау” серіктестігі де дәнді және майлы дақылдардың жартысынан астамын жинап алған.
Айыртаулықтармен кездесуді қорытындылаған өңір басшысы мал шаруашылығын әлі де дамыта түсу керектігін айтты. Сондықтан серіктестік басшылары алдағы жылдың сәуір айына дейін мемлекеттен демеуқаржы алуға өтінім берулері тиіс.
Ғ.Мүсірепов атындағы ауданда облыс әкімі ең алдымен “Раисовское” ЖШС-нің басшысымен жолығып, орақ науқанының барысына қанықты. Егіншілік пен мал шаруашылығын қатар дамытып отырған серіктестіктің ауыз толтырып айтарлықтай нәтижелері бар екен. Серіктестік иелігіндегі егін алқабының көлемі 17 мың гектарға жетеді. Ерік Сұлтанов мекеме басшысына қол жеткен табыстармен шектелмеуді тапсырды.
Облыс әкімі Раисовка ауылын аралап, жергілікті тұрғындардың жағдайымен танысты, бокс спорт мектебінде болды. Бұл жерде 8-18 жас аралығындағы 15 бала жаттығады. Мекеме қажетті спорт құрылғыларымен толық жабдықталған. Ауылдық мектепте 129 бала білім алса, оның қарамағындағы шағын орталықта 15 бүлдіршін тәрбиеленуде. Бұдан басқа 25 орынға шақталған балабақша тағы бар. Бұл жерде 1,5-5 жас аралығындағы сәбилер тәрбиеленеді. Өңір басшысы ұжымға теледидар сыйлады.
“Раисовское” ЖШС өз қарамағындағы жұмысшыларға айтарлықтай жағдай жасап келеді. Осыған дейін екі отбасына үй тұрғызып берген серіктестік тағы екі баспананың құрылысын аяқтауға жақын.
Сапар барысында Ерік Хамзаұлы Рузаевка ауылында орналасқан “Тұқым” ЖШС-не де соқты. Серіктестік жанар-жағармай, ауыл шаруашылығы техникаларымен толық қамтамасыз етілген. Биылғы жылы мемлекеттен алған демеуқаржы көлемі – 60 млн. теңгеге жуық. Танап басына жиналған аудан шаруашылықтарының басшылары облыс әкіміне өз ұжымдарындағы істің жайы туралы баяндады. Ауданның агроқұрылымдары биылғы жылы жалпы сомасы 2,7 млрд. теңге болатын 110 техника сатып алыпты.
Облыс басшысы әңгіме барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына орай мал шаруашылығын дамытуға айрықша маңыз беріліп отырылғанын, жыл сайын бұл салаға мемлекет тарапынан айтарлықтай қолдау жасалып келе жатқанын еске салды.
Фариза ЖӘЗИТОВА,
журналист.