Еңбекті қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік – мемлекеттік маңызға ие мәселелердің бірі. Өнеркәсіптік қауіпсіздік дегеніміз кәсіпорынның адамзат пен табиғатқа теріс әсер етпеуін қадағалау, қорғау дегенді білдіреді. Соңғы жылдары кәсіпорындарда өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесіне басымдық берілуде. Алайда, бұған қажетті деңгейде назар аудармай жүргендер де баршылық.
Біздің департаменттің қызметі қауіпті өндіріс орындарында еңбек ететін адамдардың қазасына және денсаулықтарының зақымдануына жол бермеуге, түрлі төтенше жайттың алдын алуға бағытталған. Бүгінгі таңда құралжабдықтардың тозуы, өндіріс барысында тәртіптің сақталмауы, білікті мамандардың жетіспеушілігі, қызметкерлерді даярлайтын орталықтардың болмауы, кәсіпорындардағы қаржылық тұрақсыздық тәуекел факторлары болып табылады.
“Азаматтық қорғаныс туралы” Заңда көрсетілген ережелерге сәйкес қауіпті деп танылатын өнеркәсіп нысандары жетерлік. Әсіресе, қауіпті техникалық құрал-жабдықтары бар нысандарды жіті қадағалау талап етіледі. Өңір аумағында назарға жиі ілігетін нысандардың қатарына ет және сүт өнімдерін өндірумен айналысатындар, мұнай базалары мен көліктерді жанар-жағармаймен қамтамасыз ететіндер, мұнай тарату құбыр тораптары, ұн үгетін комбинаттар, элеваторлар мен астық қабылдайтын кәсіпорындар, жүк көтеретін механизмдерді қолданатын ұйымдарды жатқызуға болады. Мәселен, газ саласында да өнеркәсіптік қауіпсіздік жағдайын тұрақты деп атауға әлі ерте. Бүгіндері жоғары қысыммен жұмыс істейтін газ құбырларының басым бөлігінің тозығы жеткен. Соңғы жылдары бұл құбырлар жаңасына ауыстырылуда. Дегенмен, қолға алынған жұмыстар жеткіліксіз. Сондықтан кәсіпорын басшылығы талаптарға сәйкес газ құбырларына уақтылы тексерулер мен техникалық куәландыруды қамтамасыз етуі қажет. Сонда ғана тозығы жеткен өндірістік құрал-жабдықтар мен техникалық құрылғылардың санын азайтып, жазатайым оқиғалардың алдын алуға болады.
Апаттық жағдайларға “адами фактордың” да әсері бар. Қауіпті өндірістік нысандарда жұмыс істейтін мамандар қайта даярлаудан өтіп, біліктіліктерін арттырулары тиіс. Нәтижесінде жұмысшылар жоғары оқу орындарында алған білімдерін жетілдіру мүмкіндігіне ие болады. Өкінішке қарай, соңғы жылдары бұл салада маман тапшылығы сезілуде. Кәсіпорындардағы арнайы білімі жоқ, тек оқу орталықтарында білім алғандар жалпы жұмысшылардың 40 пайызын құрайды.
Өндірістегі апаттар мен жарақаттар көп жағдайда қауіпсіздік талаптарын білмейтін жұмысшылардың кінәсінен орын алады. “Азаматтық қорғау туралы” Заңға сәйкес зауыт пен фабрика басшылығы мұндай оқиғалардың алдын алу бойынша кешенді шараларды жүзеге асыруға міндетті. Әдетте өндіріс басшылығына өндірістік бақылауды ұйымдастыруға және жүзеге асыруға нұсқама беріледі. Кейін өндіріс орнында бақылау туралы нормативтік акті әзірленеді. Бұл құжат қауіпті жерде жұмыс істейтін қызметкерлердің құқықтары мен міндеттерін қамтиды. Өкінішке қарай, көптеген кәсіпорындарда бұл талаптар өз деңгейінде орындалып жатқан жоқ. Нұсқамаларға немқұрайды қараған кәсіпорындарда жазатайым оқиғалар тіркеліп жатады. Бұл бақылау-қадағалау органы жүргізетін жоспарлы тексерулер барысында белгілі болған кемшіліктердің уақытында түзетілмеуінің салдары.
Арман БӘСЕНОВ,
Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменттің бас маманы.