
Мереке қарсаңында пиротехника дүкендерінде сауда қызған шақ. Солтүстікқазақстандықтар петарда, хлопушка және бенгаль оттары үшін кезекке тұруда. Ал төтенше жағдайлар жөніндегі басқарма қызметкерлері пиротехника бұйымдарының дұрыс пайдаланылуына назар аударуда.
Олар Петропавлда полицейлермен бірлесіп сертификатталмаған пиротехникалық өнімдерді анықтау мақсатында заңсыз сауда орындарына кезекті рейд өткізді.
Осы күнге дейін облыс орталығында 124 рейд ұйымдастырылып, 6 әкімшілік хаттама толтырылды. Мамандар пиротехникалық бұйымдарды тек арнайы дүкендерден ғана сатып алу керектігін, оның қаптамасына және жарамдылық мерзіміне назар аудару қажеттігін айтуда.
Пиротехниканы іске қосқан кезде:
— 14 жастан кіші балаларға зымыран мен петардты өз бетінше іске қосуға жол бермеңіз;
— қауіпті аймақ радиусында (50 метр) пиротехниканы іске қосуға кедергі жоқ екеніне көз жеткізіңіз;
— білтені қол созым қашықтықта тұтатыңыз;
— білтені тұтатқаннан кейін қауіпті аймақтан шығыңыз;
— қатты жел кезінде пиротехниканы іске қоспаңыз;
— егер ол жарамсыз болса, пиротехникалық өнімді қайтадан іске қосуға тырыспаңыз;
— отшашуды адамдар мен жануарларға бағыттамаңыз, петарданы аяққа лақтырмаңыз.
Әсел СҮЙІНДІКОВА,
зілзалалардың қауіп-қатерін азайту және азаматтық қорғау саласындағы бақылау басқармасының аға инженері,
азаматтық қорғау лейтенанты.