Әлемді дүрліктірген індет өңірімізді де айналып өтпеді. Қызылжарда коронавирус жұқтырған бір адам анықталғалы тұрғындардың көңілі алаң. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов жергілікті телеарна арқылы брифинг өткізіп, атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды, жұртшылықты қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырды.
“Сақтансаң, сақтаймын” демекші, қазір талап қатаң. Өңірімізге ұшақпен, пойызбен, автобуспен, жеңіл көлікпен жеткендердің барлығы сауалнама толтырады, дене қызуы өлшенеді, ал Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен келгендер алдын ала тексеріске жіберіліп, қажетті сынамалар алынады. Одан кейін үйде оқшаулануға мәжбүр.
– Қазіргі таңда “Халыққа қызмет көрсету орталықтары” уақытша жабылды. Қажетті қызметтерді ғаламтор арқылы алуға болады. Сауда үйлері, дәмхана, мейрамхана және тағы да басқа қызмет көрсету орындарының мамандары бетперде және қолғап киюге міндеттелді. Егер жоғарыда аталған ұйымдар төтенше жағдай кезіндегі талаптарды сақтамаса, олардың жұмысын тоқтатуға мәжбүрміз. Бүгінгі таңда ережені ескермеген 17 дәмхана және компьютерлік клубтың иелері 5-тен 10 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынды. Ал жергілікті атқарушы билік пен құқық қорғау органдарының бірлескен тексерісі нәтижесінде “Тайга” сауда үйінде санитарлық талаптар сақталмағаны анықталып, қазір кемшіліктерді жою үшін тиісті жұмыстар атқарылуда, – деді өңір басшысы Құмар Ақсақалов.
Мемлекеттік комиссияның отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыссыз қалған азаматтарды және бизнесті қолдауға бағытталған шараларды ұсынғаны белгілі. Облыста да дағдарысқа қарсы арнайы жоспар бекітілді. Әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға тегін азық-түлік және тұрмыстық заттар таратылмақ.
Біздің облыста мұндай көмек 3 мың 669 адамға көрсетіледі. Өңірімізде азық-түлік қоры жеткілікті, ал әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын мемлекет реттейтін болады.
Еліміз бойынша төтенше жағдай салдарынан кәсіпорындар мен жеке компаниялар жұмысшыларын қысқартып, тұрғындар тұрақты табысынан айырылуда. Осындай жағдайға душар болғандарға да мемлекет тарапынан материалдық көмек көрсетіледі. Алайда, бұл әлеуметтік төлемді тек орта және шағын бизнес саласында қызмет ететіндер ғана ала алады.
Қауіпті індетпен күресіп жүрген медицина қызметкерлеріне жүктелер жауапкершілік зор. Осы орайда Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес індеттің бел ортасында жүрген дәрігерлерге бір айлық еңбекақы көлемінде сыйақы беріледі.
– Төтенше жағдай уақытында сауда орындарын жалға алушыларды да қолдау назардан тыс қалмады. Сауда-ойын-сауық орталықтары жалға алу ақысын 50 пайызға дейін төмендетті. Сонымен қатар мемлекет шағын және орта бизнес өкілдерін қолдау мақсатында оларды үш айға дейін жалға алу ақысынан босатуды қарастырып отыр. Өңірімізде осындай жеңілдік облыстық коммуналдық меншіктің 100-ден астам жалға алушысына көрсетіледі, – деген өңір басшысы “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасын жүзеге асыруға жоспарланған қаржыдан бөлек мектеп, аурухана, жол және су инфрақұрылымын жөндеуге қосымша қаражат бөлінетіндігін айтты. Жоспар бойынша 800-ден астам нысан жөнделеді, бұған 32 млрд. теңге қарастырылып отыр. Ал ауқымды істі уақтылы аяқтау үшін 8 мыңнан астам солтүстікқазақстандық жұмысқа тартылады.
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Soltústіk Qazaqstan”.