
Өңірімізге жұмыс сапарымен Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин келді. Бұл сапардың мақсаты облыстағы көктемгі су тасқынына қарсы атқарылып жатқан іс-шаралармен танысу болды. Вице-министр облыс әкімі Ерік Сұлтановпен бірге су басқан Тайынша, Аққайың және Есіл аудандарын тікұшақпен әуеден бақылап, кейін Сергеевка су қоймасы мен Петропавл су торабындағы су деңгейімен танысты.
“Қазсушар” РМК-ның басшысы Аманжол Қожағұлов Есіл өзенінде су деңгейі едәуір төмендегенін хабарлады. Алайда, Сергеевка су қоймасынан жіберілген су арнасынан асып, өзен бойындағы ауылдарға және Петропавл қаласына қауіп төндіруі мүмкін. Оның айтуынша, аталмыш қоймада судың деңгейінің көтерілуі 31 наурызда байқалған. Судың деңгейі 2 метрге дейін көтерілгенімен, бүгінгі таңда ол 60 сантиметрге төмендеген. Петропавл қаласының әкімі Марат Тасмағанбетов тасқынның алдын алу бойынша қолға алынған іс-шаралар мен атқарылған жұмыс туралы ақпарат берді.
Қыс бойы Петропавл қаласынан 600 мың текше метр қар шығарылған. Оның айтуынша, Жұмысшы кенті мен Ойқала, Береке, Копай шағынаудандары су басуы ықтимал аймақтарға жатады. Бүгінгі таңда апаттық-құтқару бригадасы құрылып, қажетті техника жұмылдырылған. Қар суынан зардап шеккен қала тұрғындарынан 3 мыңнан астам өтініш түскен. Барлық өтініштер бойынша нақты жұмыс атқарылғанын жеткізген қала әкімі Заречный кенті мен Былғары зауыты шағынауданы бойынша тәулік бойы бақылау жүргізілетінін айтты. Алда-жалда төтенше жағдай орын алатын болса, тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіру жоспарлануда. Заречный кентінде – 10 үй, Былғары зауытында 28 үйді су басып қалуы мүмкін екені де айтылды. Сондықтан облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент мамандары тұрғындар арасында түсіндіру жұмысын жүргізген.
Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне берген сұхбатында министрдің орынбасары Юрий Ильин қазіргі таңда су басқан аймақ тұрғындарының алаңдауына негіз болмаса да, сақтықта қорлық жоқ екенін ескертті.
– Біз аудандарды әуеден қарап өттік. Аққайың ауданының Рублевка ауылындағы ахуал алаңдатуда. Онда бөгет салу жұмыстары атқарылуда, бірақ су басу қаупі сейілмей тұр. Екі-үш күнде Есіл өзенінің деңгейі көтеріліп, Петропавл қаласында өзен маңында орналасқан жер үйлерге кіреді деген болжам бар. Алдын алу жұмысы жоғары деңгейде атқарылып жатқанын көрдік. Қазір біз жергілікті атқарушы органмен тындырылуы тиіс шаруаларды тағы бір пысықтаудамыз. Қажет болса, көмек көрсетіледі, – деді Ішкі істер министрінің орынбасары.
Ал облыс әкімі Ерік Сұлтанов журналистерге биылғы жылы су тасқыны айтарлықтай шығын келтіргенін жеткізді.
– Облыс бойынша 30 ауылды су басып, ол 403 тұрғын үйге кірді. Су тасқыны салдарын жою мақсатында тиісті жұмыс атқарылды. Сергеевка су қоймасында оның деңгейі төмендеді. Алайда, қауіп әлі сейілген жоқ. Петропавл қаласындағы 39 үйді су басуы мүмкін. Сондықтан қазіргі таңда барлық шаралар атқарылуда. Үлкен Тораңғыл көлінен зор қауіп бар. Бүгінгі күні көл суы 1 метр 20 сантиметрге көтерілген. Мұндай жағдай бұрын-соңды болмаған. Облыстық маңыздағы Явленка – Корнеевка тас-жолын су басты. Республикалық маңыздағы Петропавл – Астана бағытындағы жолға да су жақындады, – дей келе Ерік Хамзаұлы төтенше жағдай барысында зардап шеккен тұрғындарға тиісті көмек берілгенін айтты.
Сондай-ақ, табиғаттың тосын мінезінен баспаналары бүлінген тұрғындар өтемақысыз қалмайтынын, оны төлеу мәселесі бір ай мерзімде шешімін табатынын жеткізді. Тасқын суды жоюда Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Төтенше жағдайлар комитеті мен Астана, Алматы қалалары және Қызылорда, Жамбыл облыстарынан келген құтқарушылардың еселі еңбегіне облыс әкімі өзінің ризашылығын білдірді.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.