Қазір Қытайда тараған дерт бүкіл әлемді алаңдатып отыр. Бұқаралық ақпарат құралдарында аспан асты елінде қауіпті індеттен көз жұмған адамдардың саны 100-ден асқаны айтылуда. Әлем елдерін уайымға салған вирус жайлы күн сайын жаңа мәлімет тарауда.
«Сақтықта қорлық жоқ» демекші эпидемиологиялық жағдайға байланысты Қазақстанда да індетке қарсы санитарлық шаралар қолға алынды. Өңір аудандары мен облыс орталығында коронавирус инфекциясы орын алған жағдайда індетті ауыздықтау шаралары пысықталды. Инфекция таралуының алдын алу бойынша кешенді іс-шаралар жоспары әзірленді. Қауіпсіздік шаралары өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың жіті бақылауында. Қатерлі індет бойынша облыстық штаб құрылғанын айтып өткен жөн. Жақында аумақтық басқармалар, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті, денсаулық сақтау ұйымдарының мамандары үшін коронавирус инфекциясын анықтау, сырқатты ауруханаға жатқызу, диагностикалау мәселелері бойынша оқыту семинары өтті.
Өңірімізде коронавирус инфекциясын жұқтырған науқас тіркелген жоқ. Індет анықтала қалған жағдайда сырқаттарды емдеуге, аудандық, қалалық және облыстық ауруханаларда қосымша 293 орын қарастырылған. Барлық стационарда вирусқа қарсы, дене қызуын түсіретін дәрі мен дезинтоксикациялық ерітінді, интенсивті терапияға арналған қажетті препараттар қоры жеткілікті. Сонымен қатар, Қытайдан келетін барлық азаматтарды әуежайдың шекаралық және көші-қон қызметі арқылы санитарлық-карантиндік бақылау және есепке алу күшейтілді. Облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті өңір тұрғындарына Қытай Халық Республикасы мен Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне әзірге сапарға шықпауға кеңес береді.
Медициналық қызметкерлер адамдар алдымен тазалықты сақтауға ерекше мән беруі қажет екенін айтуда. Мәселен, аурудың алдын алу үшін қолды сабынмен жиі жуып, ауызды жауып жөтелу қажет екенін ескертеді. Дене қызуы көтерілген немесе жөтелген адамдармен тығыз қарым-қатынастан аулақ болған жөн. Адамдар көп шоғырланған жерлерге баруды шектеу қажет. Дене қызуы көтеріліп, тыныс алу қиындап, жөтел пайда болса, бірден дәрігерге қаралу керек. Сонымен қатар, фермаларда, хайуанаттар саябағында немесе табиғат аясында сүтқоректілерге, жануарларға, құстарға жақындамаған жөн. Шикі немесе дұрыс пісірілмеген тағам мен теңіз өнімдерін тұтынудан аулақ болу керек.
Сурет https://otyrar.kz/ сайтынан алынды.