«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАУІПСІЗДІК ҚАЛҚАНЫ

Осыдан 27 жыл бұрын еліміздегі қоғамдық қауіпсіздікті сақтау мен ішкі тәртіпті қадағалау Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланына сеніп тапсырылған еді. Содан бері бұл міндетті сарбаздар мүлтіксіз атқарып келеді. Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының ғимаратында Ұлттық ұланның офицерлері мен сарбаздары төл мерекелерін салтанатты түрде атап өтті. Оларды облыс әкімінің атынан оның орынбасары Антон Федяев құттықтады.

– Еліміздің Ұлттық ұланы – қоғамда тұрақтылықты нығайту ісінде мемлекеттің сенімді тірегі. Облыс орталығындағы әскери институт пен №6637 әскери бөлімнің қызметкерлері шаһардың тыныштығы мен тәртібін қамтамасыз ету үшін күн сайын кезекшілікке шығады. Құқықтық тәртіп әскерінің жеке құрамы өңірдің қоғамдық-саяси, мәдени және спорттық өміріне белсене қатысады. Өскелең ұрпақты патриоттық сезімге тәрбиелеу жұмыстарын жүргізеді.

Одан бөлек, әскерилер жергілікті атқарушы органдарға табиғи апаттардың зардабын жоюда, төтенше жағдайға тап болған тұрғындарға көмек көрсетуде зор қолғабыс жасайды. Олар қоғам тыныштығын сақтау үшін кез келген сәтте дайын тұрады. Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық-саулық тілеймін, – деді Антон Федяев.

Үстіміздегі жылы облысты дамытудың кешенді жоспарына сәйкес әскери институт аумағында төрт жаңа ғимарат салу жоспарланған. Атап айтқанда, алдағы уақытта казарма, оқу корпусы және басқа да заманауи ғимараттар бой көтереді. Институттың ғимаратын жаңғырту жұмыстарын 2021 жылға дейін аяқтау көзделген.

Салтанатты шарада мінсіз қызметі және офицерлерді даярлаудағы жоғары көрсеткіштері үшін әскери оқу орнының бір топ қызметкері марапатталды. Атап айтқанда, институт бастығының орынбасары Қуаныш Қажыбаевқа, оқу бөлімінің жетекшісі Серік Ахметовке және аға оқытушы Мақсат Нүсіповке облыс әкімінің Құрмет грамотасы, ал аға офицер Бауыржан Батбақовқа, аға маман Олжас Ақпаровқа және оқытушы Бауыржан Досжановқа Алғыс хаты табысталды.

Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан әскери институтының бастығы, генерал-майор Бауыржан Әбжанов бірқатар солтүстікқазақстандықты Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының бұйрығымен бекітілген түрлі кеуде белгілерімен және грамоталармен марапаттады.

Облыстық полиция департаменті бастығының құттықтауын оның бірінші орынбасары, полиция полковнигі Қайрат Оразалин жеткізіп, бір топ әскери қызметкерге “Қазақстан полициясына – 25 жыл” мерейтойлық медалін табыстады.

Жиын соңы патриоттық әндер шырқалған мерекелік концертке ұласты.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ, “Soltústіk Qazaqstan”.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp