«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ҚАУІПСІЗ МЕКТЕП”

Өңірімізде республикалық “Қауіпсіз мектеп” акциясы аясында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және жетілдіруге бағытталған іс-шаралар өткізілді. Облыстағы 292 елді мекенде мектеп жоқ. Ондағы оқушылардың 1225-сін білім мекемелеріне күнделікті, 1403-ін апта сайын тасымалдау ұйымдастырылған. Тасымал кезінде балалардың қауіпсіздігін сақтау мақсатында олармен білім беру ұйымдарының мұғалімдері мен мектеп-интернат тәрбиешілері бірге жүреді.

Акция аясында жолға жақын орналасқан білім мекемелерінің маңына жол қозғалысын реттеу белгілері, көлденең бөгеттер қойылғандығы және жаяу жүргіншілер өтпелерінің бар-жоғы тексерілді. Оқу жылы қарсаңында 509 мектептің бөлмелері, асханалары, спорт залдары мен медициналық кабинеттері, сумен жабдықталуы және ғимараттардың өртке қарсы дайындығы мен санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкестігі тексерілді. Террористік әркеттерге жол бермеу үшін білім беру ұйымдарына нөмір анықтауышы бар телефон аппараттары, “Қауіпсіз интернет” орнатылды.

“Өрт қауіпсіздігі ережелері”, “Жол әліппесі”, “Жасөспірім және Заң” тақырыптарына ақпараттық стендтер безендіріліп, жолға жақын жерде балалардың өзін-өзі ұстауға арналған нұсқаулықтар мен парақшалар таратылды. Ата-аналармен балалар қауіпсіздігі туралы жиналыстар өткізіліп, “Ата-ана бақылауы” қызметіне қосылу жөнінде түсінік берілді.

Бастауыш сынып оқушыларына “Қауіпсіздік сабақтары”, “Қауіпсіз жол қаласы” атты бейнеролик көрсетілді. Сондай-ақ, олар “Менің досым – велосипед” байқауында өздерінің көлік құралын жүргізу кезінде жол қозғалысы ережесін қалай білетіндерін көрсетті.

Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында “Құқық бұзушылық, қылмыс және жасөспірім”, “Жасөспірім және заң” тақырыптарында сынып сағаттары өткізілді. Көпбалалы және аз қамтылған отбасылары мен “Тәуекел топтағы” балалардың өмірге деген жағымды көз-қарастарын қалыптастыру мақсатында олар түрлі қолөнер үйірмелеріне, спорт клубтарына, демалыс шараларына тартылады.

Ирина ЧУГУНОВА,

облыстық білім басқармасының бас маманы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp