Алдыңгүні облыс әкімі Ерік Сұлтанов пен Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары Владимир Божко “Казавиаспас” АҚ-ның “МИ-171” тікұшағымен су басу қаупі бар Уәлиханов ауданының аумақтары үстімен ұшып өтіп, жағдаймен танысты.
Қулыкөл ауылына арнайы аялдаған өңір басшысы мен вице-министр Уәлиханов ауданының әкімі Аман Төрегелдиннің су тасқынының алдын алуға байланысты қолданылып жатқан шаралар туралы баяндамасын тыңдап, штаб жұмысына, жергілікті тұрғындарды қорғауға арналған істің жайына қанықты.
Содан кейін облыстық шұғыл әрекет ету отряды құрамындағы аудандық жасақтың дайындығын қарады. Аталған шара барысында бөлімшелердің іс-қимылының жылдамдығы тексеріліп, жауынгерлік әзірлігі бағаланды, жеке құрамның өз кәсіби міндеттерін қаншалықты деңгейде білетіндіктері тексерілді. Владимир Божко бірінші кезекте құтқарудан гөрі, алдын алу шараларына баса назар аудару керектігін, ол біршама арзанға түсетіндігін, басты мақсат адамдардың өмірі мен олардың тірнектеп жинаған дүниесін, мал-мүлкін сақтап қалудың амалдарын жасау екендігін атап айтты.
Евгений ЖУРАВЛЕВ,
облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің баспасөз хатшысы.