Облыстық перзентханада коронавирус жұқтырған 30-дан астам жас босанған ана емделіп, сәбилерімен үйлеріне қайтса, нәрестелі болған 17 әйел – дәрігерлердің жіті бақылауында.
Перинаталдық орталықта 10 шілде күні 25 адамға шақталған карантиндік және 20 орындық провизорлық стационар ашылды. Дәрі-дәрмек жеткілікті, білікті мамандар да бар. Бүгінде мұнда коронавирус жұқтырған 17 жас ана ем алып жатыр.
Болашақ аналар перинаталдық орталыққа жатарда “COVID-19” вирусына тапсырған тестің нәтижесін ала келуі тиіс. Белгілі бір себептерге байланысты тест тапсырмаған жағдайда перзентханадағы зертхананың көмегіне жүгінуге болады.
– Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жас босанған әйелде вирус анықталған жағдайда оны нәрестесінен айырмауды ұйғарды. Тек балаға уақытша сүт қоспасымен азықтандыруға кеңес беруде. Әйел толығымен жазылғаннан кейін қайта тест тапсырады, ауру анықталмаса ғана үйіне жіберіледі. Қазір карантин болғандықтан, босануға көмектесетін “серіктестерді” де кіргізбейміз, – дейді перинаталдық орталықтың бөлімше меңгерушісі Наталья Клебан.
Жалпы жыл басынан бері өңірімізде 2515 сәби туған, 28 егіз бала, бір үшем дүние есігін ашқан.
– Қазір дүниеге келген балалардың нешеуі ұл және қаншасы қыз бала екендігі жөнінде есеп жүргізбейміз. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы оларды бөліп есептемеу, тіпті, жүкті әйел ультрадыбыстық зерттеуге келген уақытта да баланың жынысын айтпау керек дейді. Бұл гендерлік саясатқа байланысты өзгерістер, – дейді бөлімше меңгерушісі.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ.