«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАУІП СЕЙІЛДІ

Ақмола облысының орталығы – Көкшетау қаласында Ішкі істер министрлігінің Төтенше жағдайлар комитеті көктемгі су тасқынына қатысты баспасөз мәслихатын өткізген болатын. Жиын барысында комитеттің бастығы Владимир Беккер біздің өңіріміздегі жағдай туралы да айтты.

Солтүстік Қазақстан облысындағы Сергеевка су қоймасындағы судың деңгейі 127 сантиметрге көтерілді. Бұл көрсеткіш соңғы тәулікте тағы 21 сантиметрге артты. Дегенмен, облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент басшысының ақпаратына сүйенсек, жергілікті шағын өзендердегі судың деңгейі төмендей бастаған.
Қазіргі уақытта төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері су басу қаупі бар үйлерді күнделікті аралап, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуде, жадынамалар таратып, төтенше жағдайға дайын болу қажеттігін ескертуде. Алдағы уақытта Петропавлдағы су қоймасының деңгейі 1,1 метрге дейін көтеріледі деп болжанып отыр. Мамандардың айтуынша, 2 мыңға жақын тұрғыны бар Заречный кентіне баратын жолды су басуы мүмкін.
– Бұл іс-шараларды су басу қаупі бар аймақтарда жүргізіп жатырмыз. Тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Жадынамаларда біздің анықтама телефон нөмірлеріміз көрсетілген, – дейді облыстық төтенше жағдайлар басқармасының бас инженері Тұрлыбек Ғабдуллин.
“Жұмыла көтерген жүк жеңіл” демекші, бірлесе қимылдағанда ғана айтып келмейтін табиғат зардаптарын еңсеруге болады. Жылдағы дәстүрмен биыл да облысымызға басқа өңірлердің құтқарушылары келіп, көмек қолын созуда. Жамбыл облысының құтқарушылары да су тасқынын еңсеру үшін бізге көмекке келді. Жедел-құтқару жасағының өкілдері Айыртау және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандардың жергілікті атқарушы орындарымен бірлесіп, Чистополье, Константиновка, Гусаковка, Рузаевка ауылдарында тұратын адамдардың қауіпсіздігін ойластырып, қауіп-қатерлердің жолын кесуде.

Қанат АТАМАНОВ, “Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp