«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАШАНДА КӨМЕККЕ ДАЙЫН

Соңғы жылдары бүкіл әлемде төтенше жағдайлар тақырыбы өте өткір әрі өзекті бола түсті. Барша адамзат үшін су тасқыны, цунами, өрттер, жер сілкінісі және тағы басқа төтенше жағдайлар нағыз қасіретке айналуда. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар біздің елде де орасан зор шығын әкеліп, адамдардың тіршілік әрекетіне жағымсыз әсерін тигізуде.

Облыс аумағында жыл сайын боран, қатты аяз, көктайғақ, дауыл, тасқын, су басу сияқты табиғи төтенше жағдайлар жиі ұшырасады. Мәселен, 2014 жылдың 9 айында облыста 113 төтенше жағдайлар орын алды. Аталған оқиғаларда 113 адам зардап шегіп, олардың 80-і қаза болды.  

“Өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметі” ММ-і қызметкерлері 150 апаттық-құтқару жұмыстарын жүргізді. Олардың басым бөлігі қар кептелісі, борандар мен тасқын уақытында орындалып, 34 адам құтқарылды, 262 адам мен 65 техника бірлігі эвакуацияланды. Өрт оқиғалары кезінде 18 адам және 344 млн. теңгенің материалдық құндылықтары құтқарылды.

Барлық апаттардың ішінде жиі орын алатыны – өрттер. Ағымдағы жылдың үш тоқсанында облыста 592 өрт тіркелді. Оның саны өткен жылмен салыстырғанда 26 пайызға өсіп, материалдық шығын мөлшері 104 млн. теңгеден асқанымен, өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 60 пайызға кеміген. 26 адам өрт құрбаны болса, 26 адам әртүрлі дәрежедегі дене жарақатын алды.

Қайғылы жайлар көбінесе тұрғын үй секторында орын алады және өртке ұшырайтындардың басым бөлігі – тұрғындардың әлеуметтік жағынан нашар қорғалған тобындағы зейнеткерлер мен уақытша жұмыс істемейтін тұлғалар болып табылады.

Өрттің шығуының басты себептері отты абайсыз пайдаланудан, пешті пайдаланғанда өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамаудан, электр сымдарындағы қысқа тұйықталудан болады.

Департамент өрттер мен ондағы адамдар шығынының алдын алу мақсатында 15 қыркүйек пен 15 қазан аралығында өрт қауіпсіздігі айлығын өткізді. Оның барысында облыстың тұрғын үй секторында шамамен 20 мыңдай адамды қамтыған 10 мың тұрғын үйді аралап, 10 мың жаднама тараттық, тұрғындармен 39 жиын өткізілді. Осы алдын алу іс-шаралары ішкі істер департаментімен бірлесіп ұйымдастырылды. Мұндай әріптестік көп жылдардан бері жалғасып келеді. Ол жеке тұрғын үй секторы тұрғындарына қарапайым өртке қарсы талаптарды түсіндіруге көмектесіп жалпы алғанда өрттердің туындау қатерлерін азайтуға мүмкіндік береді.

Облыстың елді мекендеріндегі шаруашылық нысандарының базасында құрылған ерікті өртке қарсы күрес құрылымдары жұмысының оң тәжірибесін ерекше атап өткім келеді. 2014 жылы олар 172 өртті жоюға қатысты.

Үстіміздегі жылдың өткен кезеңінде 35 оқиға орын алып, 35 адам мерт болған облыстың су айдындары ерекше назар аударуды қажет етеді. Суға шомылу кезінде зардап шеккен 152 адамды сүңгуір-құтқарушылар аман алып шықты. Барлық қайғылы оқиғалар азаматтардың балық аулау кезіндегі абайсыздықтары мен суға түсуге арналмаған орындарда шомылуынан орын алған. Өткен жылы 35 адам суға батса, 111-і құтқарылды.

Департаменттің суда құтқару қызметі тұрақты түрде судағы төтенше жағдайлардың алдын алу шараларын жүргізуде. Көрсетілген мерзімде осы саланың қызметкерлері қауіпті су айдындарында 2500 шолғын ұйымдастырып, мектептерде 4 интерактивтік сабақ өткізді, 239 бала жүзуге үйретілді.

Департаментте азаматтық қорғаныс, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардан тұрғындар мен аумақты қорғау жөніндегі бірыңғай мемлекеттік саясатты жүзеге асыру бойынша ауқымды жұмыстар атқарылуда.

Облыс ұйымдары мен кәсіпорындарындағы санатты объектілерде 2 кешенді оқу-жаттығу, 662 нысандық машықтанулар, апаттық жағдайлар бойынша 1032 машықтану, 411 тактикалық-арнайы оқу-жаттығулары ұйымдастырылды және өткізілді. Осы іс-шараларға облыстық апаттан құтқару және төтенше жағдайлар қызметтері, жергілікті атқарушы органдар мен департаменттің құрылымдық бөлімшелері қатысты.

Біздің облыста, жалпы республика көлемінде соңғы жылдары төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жоюдың мемлекеттік жүйесін дамыту мен жетілдіруде оң үрдіс байқалуда. Ол туындаған төтенше жағдайлар салдарларын жедел жоюдан, оларды бұқаралық алдын алудан, азаматтық қорғау деңгейі мен халықтың қауіпсіздік мәдениетінің артқанынан көрініс тауып отыр. Табиғи құбылыстардан немесе техногендік факторлардан туындаған төтенше жағдайлар кезінде облыстық апаттан құтқару және төтенше жағдайлар қызметтері әрдайым барлық күш-құралдарды жұмылдырып, дүлей зілзалаларға төтеп беруде. Бұл жерде олардың үйлесімді, тығыз іс-қимыл жасауы үлкен рөл атқарып, нәтижесінде тұрғындарға уақтылы көмек беріп, қорғап қалуды қамтамасыз етуге қол жеткізіледі.

19 қазан Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі ТЖК Төтенше жағдайлар жөніндегі департаменті қызметкерлері үшін кәсіби мереке – Құтқарушы күні болып табылады. Бұл күн біз үшін бірінші кезекте ауызбірліктің, ведомстволық талпыныстарымыз бен мақсаттарымызға қол жеткізудің нышаны, өйткені төтенше жағдайдың алдын алу мен оны жою маңызды мемлекеттік тапсырма және ұлттық қауіпсіздік жүйесінде ерекше орын алады. Себебі, оны қамтамасыз еткенде қауіпсіздіктің басқа экологиялық, экономикалық, қоғамдық түрлеріне де ықпал жасалады. Бұған қоса, бұл күн – құтқарушының өзіне тән рөлі мен өз Отанының көркеюіне қосқан үлесін мойындау болып табылады.

Дәстүр бойынша бұл күні төтенше жағдайлар жөніндегі департаменті қызметкерлері қызмет қорытындыларын шығарып, тәулік бойы қайғыға ұшырағандарға көмекке асығып, қатерлі қызмет атқарып жүрген жандардың жетістіктері мен жұмысындағы оң нәтижелері сөз болады. Бұл біздің – азаматтардың бейбітшілігі мен тыныштығын сақтайтын ауыр және мол тер төгетін жұмыс. Біз ортақ істі бірігіп атқаратындықтан кез келген тапсырманы орындай аламыз.

Павел ФИЛИППОВ,

облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің бастығы,

өртке қарсы қызмет полковнигі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp