Егде жастағы туыстарымен бірге Көкшетаудан Петропавл қаласына қайтып келе жатқан Петропавл қалалық сотының судьясы Михаил Гусевтің автокөлігінің қозғалтқышы жолда істен шыққан. Абырой болғанда, жақын маңда қызметте жүрген патрульдік полицейлер дер кезінде көмекке келіп, жолаушыларды эвакуациялауға техника шақырыпты. Осылайша, өзін және жақындарын келеңсіз жағдайдан құтқарған Михаил Гусев облыстық полиция департаментіне алғыс жолдапты.
Тәртіп сақшыларының айтуынша, ауа райы күрт төмендеген кезде облыс жолдарында көліктің сынып қалуы, көктайғақта кюветке түсіп кету сияқты күніне 5-6 оқиға орын алады екен. Қиын жағдайға тап болғанда, полицейлер уақытында көмек қолын созған азаматтар кейін ризашылық білдіріп, ведомство басшылығына хат жіберіп жатады.
Петропавл және Сергеевка қалаларының арасындағы тас жолда облыс орталығының тұрғыны Вадим Никабадзенің көлігінің артқы доңғалағы босап кеткен. Гайкалары мен темір қақпағы шашылып қалып, аударылуға шақ қалған. Жандарынан бірнеше машина өткенімен, ешқайсысы тоқтап, қол ұшын созбаған. Вадим Никабадзе ведомствоға жолдаған хатында осы сәтте оның жанынан табылып, көмектескен инспекторлар Антон Жежеря мен Андрей Шнайдерге алғысын жеткізген. Олар аязды күні жолда қалған жүргізушіге өз көліктерінің гайкаларын алып, қолғаптарын шешіп берген. “Аяз қатты болды, досым Дмитрий екеуіміз желдің өтінде тұрып, тоңдық. Полицейлер доңғалағымызды салуға көмектесіп, қалаға дейін ілесіп жүрді”, – делінген хатта.
Ал Ресей Федерациясынан Петропавл қаласына қонаққа келген зейнеткер Вера Бердюгинаның хатында былай делінген: “Астана көшесінің бойында келе жатып, жүрегім ауырып кетті. Маған бір келіншек жүгіріп келіп, алғашқы көмек көрсетті. Кейін машинасына отырғызып, туыстарымның үйіне жеткізіп салды. Кейін оның облыстық полиция департаментінде қызмет ететінін білдім”.