
Қаржы пирамидасы 42 мың адамды тақырға отырғызды
Ұялы телефоныма хабарласқан таныстарым “қазан” немесе “қара касса” ойынын ойнап, аз уақытта көп пайда табуды ұсынды. Бұқаралық ақпарат құралдарында, ғаламтор беттерінде мұндай әдісті ойлап тапқандардың қараша халықтың қалтасын қағып жүргенін құлағым шалған еді. Сондықтан бірден бас тарттым. Жеңіл ақша тапқысы келгендер 14300 теңге төлеп, артынан екі адамды тартуы тиіс екен. “Ақшаңды бірнеше есе қылып қайтарып аласың” деген құрғақ уәде талайдың басын айналдырғанға ұқсайды.
Алаяқтар заңмен белгіленген жауапкершіліктен, тәртіп сақшыларының ескертуінен де қорқар емес. Қылмыстық кодекстің 217-бабына сәйкес қаржы пирамидасын құрған және басқарған адамдар үш мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл төлеуге міндеттеліп, сегіз жүз сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тартылып немесе үш жылға дейiн бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Оның үстіне, мүлкін тәркілеу де қарастырылған. Қаржы пирамидасының қандай да бір мүшесі мұндай заң бұзушылық жайлы өз еркімен құқық қорғау органдарына хабарлап, қылмыстық топты ашуға септескен жағдайда қылмыстық жауапкершіліктен босатылады. “Бірақ ол ұйымдастырушы болмауы тиіс және іс-әрекеттерінде басқа қылмыс анықталмау керек”, – деген облыстық полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Петр Климов өңірімізде әзірге мұндай фактілер тіркелмегенін жеткізді. Алайда, өзге өңірлерде халықты сан соқтырып кеткен алаяқтардың көбеюі қырағылықты арттыруды талап етіп отыр. Облыс орталығындағы ломбардтармен тығыз байланыс орнатып, жағдайды бақылауға алған.
Халықтың маңдай терімен жинағанын ойланбастан шелектеп төгуге мәжбүрлейтін қаржы ойындарын кім ұйымдастырып жүр? Белгілі болғандай, бұған Қазақстанның 13 өңірінде тіркелген “Гарант 24 Ломбард”, “ЕЅТАТЕ Ломбард” және “Выгодный займ” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің қатысы бар. Қаржы кәсіпорындарының негізін қалаушы және басшылары – Ақтөбе облысының тумалары. Азаматтардың мүлкі мен ақшалай қаражатын алаяқтық жолмен сыпырып алу үшін ұйымдастырушылар жалған кеңсе әзірлеп, оларға директор тағайындап, қызметкерлер штатын да құрған. Қарапайым халықтың көзін байлап, алдау үшін қазақстандық эстрада және спорт жұлдыздарының көмегімен мықтап жарнамалағанын да айта кеткен жөн. Актерлер Асылхан мен Артур Төлеповтер арзан бағамен көлік сатып аламыз деп алданып, 13 млн. теңгелерінен айырылғанын жасырмай айтты.
Ұйымдастырушылар “WhatsApp” мессенджерінде топ құрып, оған барлық салымшыларды қосқан. Оңай пайда таппақ болған халықты әбден алдағандары соншалық, олар жылжымалы және жылжымайтын мүліктерін де қабылдаған. 3-5 ай ішінде клиенттерге мәміле сомасының бір бөлігі төленіп, халықтың сеніміне кірген. Ал осы уақытта қабылданған мүлікті үшінші тұлғаларға нарықтық құнынан төмен бағаға сатқан. Бұдан басқа, аталған компаниялар өз клиенттеріне ай сайынғы сомадан бөлек 30-дан 40 пайызға дейін сыйақы төлеуге уәде берген. Барлық ақшалай қаражат бас офиске құйылып отырған.
Ақпан айының ортасында алаяқтар өз қызметін күрт тоқтатып, қаржыны қалтаға басқан күйі ізім-ғайым жоқ болды. “Гарант 24 Ломбард” ЖШС-нің құрылтайшысы, 1993 жылы туған Аслан Мырзабеков “WhatsApp” желісіндегі топқа: “Мен сендердің ақшаларыңды қайтармаймын. Сенімдерің үшін рақмет! Тегін ақша әуесқойлары! Бәріңіз сау болыңыздар!” – деген хабарлама қалдырған.
Сол күннен бастап алаяқтардың арбауына түскен 2 мыңнан астам адам құқық қорғау органдарына шағымданған. Бүкіл республика бойынша компания кеңселерінде тінту жүргізіліп, бірлескен қызмет туралы шарттар, есеп құжаттары, ноутбук, зергерлік және басқа да бұйымдар тәркіленген. Алынған құжаттарға қарағанда 42 мыңнан астам адаммен шарт жасасқан. Алдын ала деректер бойынша, келтірілген шығын мөлшері 5 миллиард 411 миллион теңгеге бағаланады. Аталған фактілер бойынша 22 қылмыстық іс қозғалып, 13 адам қамауға алынды. Мемлекетаралық іздеудегі 9 күдікті анықталған, оның ішінде Аслан Мырзабеков та бар.
Осы жағдай “Тегін ірімшік тек қақпанда ғана болады” деген сөз бекер айтылмағанын еске салады. Бірақ көзі ашық, көкірегі ояу, жоғары білім алып, білдей бір маман атанып отырғандардың өздерінің осындай әрекетке барғаны таңғалдырады. Бұқаралық ақпарат құралдарында қаржы пирамидалары туралы айтылып, нақты мысалдармен дәлелденіп жүргенімен, экономикалық сауаты аз адамдардың алданып қалуы азаяр емес. Мұны құмарлық психология деуге келетін сыңайлы. Олардың көпшілігін “бұл қаржылық үдерісте менің ғана жолым болып қалар” деген ой адастырады.
Осы мәселеге қатысты қаржыгерлердің де айтары бар. Әлібек Айтановтың айтуынша, қаржы пирамидасы – инвестициялық алаяқтықтың бір түрі. Яғни, әрбір инвестор жаңа адамдарды жинайды. Салымшыларға “жақсы табыс табасың” деген уәдені үйіп-төгеді. Алайда, пирамидаға кіретіндердің қатары шектелген сайын, ерте ме, кеш пе, жаңа жарнаның түсімі азаяды да, белгілі бір кезеңде инвесторлар салымы тоқтап, қаржы пирамидасының күйреуіне әкеп соғады.
Ең бастысы, мұндай қаржы пирамидаларының заңсыз әрекетінен жапа шеккен адамдар өзіне ғана емес, сол елдің экономикалық жағдайына да зарар келтіретінін үнемі ескермейді. Яғни, басқа қаржылық институттарға сенімі азайып, артық ақшаларын банкке салудың орнына желге ұшырады. Сөйтіп, кез келген елдің экономикасында үлкен рөл атқаратын инвестиция көлемінің күрт азаюына әкеп соқтырады.
– Осындай қаржы пирамидаларының кесірінен сан соғып қалған бір танысымның өкінішіне куә болдым. Ата-анасының, сүйіп қосылған жарының райынан қайтаруға тырысқанына қарамастан, өз дегенін істеді. Өкінішке қарай, жақындарының айтқаны келіп, танысым қолындағы барынан айырылды. Осының салдарынан отбасының шырқы бұзылып, әлі күнге дейін естерін жия алмай жүр. Бірақ болашағын, жақындарын ойлаған адам алаяқтардың ырқында кетпеуі керек деп ойлаймын, – дейді Петропавл қаласының тұрғыны Лаура Базарбаева .
Бірнеше күн бұрын Президенттің экономикалық мәселелер жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі Олжас Құдайбергенов қаржы ойындарымен күресудің жаңа амалы ретінде банктер 14 300 теңгені аудармау керек деген пікірін білдірген еді. “Қазандықта” бірыңғай орталық болмағандықтан, адамдар айналым біткенше өз кезегін күтпейді. Соның өзінде бұл ойын ел ішіне тез тарап жатыр. Ал мұның алдын алу үшін 14 300 теңге аударатын банк шоттарын бұғаттаса жеткілікті. Тіпті, бұрын аударылған қаражаттарды да кері қайтаруға болады. Ең бірінші бенефициардың да есебін шығару мүмкіндігі бар”, – деп жазды ол “Facebook” желісіндегі жеке парақшасында.
Әлемде алғашқы қаржы пирамидасын 1717 жылы Францияда қаржыгер Джон Ло құрған екен. Кезінде оның әрекетінен Франция халқының бір бөлігі және экономикасы аса үлкен зардап шекті. Ал адамзат тарихындағы ең ірі алаяқтық схеманы 1960 жылы америкалық Бернард Мэдофф ойлап тапқан. Оның 40 жылдық қаржылық іс-әрекетінен 3 миллион адам зардап шекті және 50 миллиард доллар қаржы ұшты-күйлі жоқ болып кетті. Демек, алаяқтар қай заманда да болған, аңқау халықты алдаудан еш қысылған емес. Бірақ олардың арам ойының жүзеге асып-аспауы, яғни оның құрбанына айналып-айналмауы өзіміздің қолымызда екенін ұмытпаған жөн.
Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ, “Soltústik Qazaqstan”.