
Соңғы кездері карантиндегі тұрғындарға көмек көрсетуге ниет танытқан еріктілердің атын пайдаланып, үйлеріне кіру арқылы алаяқтық жолмен пайда табуға қатысты фактілер орын алған. Бұл жайлы облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Ирина Тухватулина төтенше жағдай кезінде жергілікті еріктілердің жұмысы жайлы баяндаған баспасөз мәслихатында айтты.
Қазіргі таңда облыс аумағындағы еріктілер қатарында 700-ден астам азамат «Бізбіргеміз» республикалық акциясының аясында өзін-өзі оқшаулаған азаматтарға жан-жақты көмек көрсетуде. Оларға әрбір өтініш бойынша нақты бағыт көрсетілген рұқсат қағазы мен арнайы бейджиктер беріледі. Мұқтаждарға көмекке дайын жандар осыған дейін 1500-ден астам адамға қол ұшын созды. Спикер жүректері мейірімге толы еріктілердің өз еркімен әрі қайтарымсыз жұмыс істейтінін ұмытпай, олардың еңбегін бағалау қажеттігіне баса назар аударды. Алайда, өкінішке қарай, еріктілердің атын жамылып, подъездерге кіріп, алаяқтық жасауға талпынған адамдар да табылуда. Осы орайда, Ирина Тухватулина еріктілердің кіреберістерді дезинфекциялау жұмыстарымен айналыспайтынын нақты айтты. Сондықтан осындай сылтау айтқан адамдарға есікті ашпау керек.
— Еріктілер азық-түлік пен дәрі-дәрмекті жеткізумен қатар, мемлекеттік қызметтерді онлайн алу бойынша кеңес те береді. Сонымен қатар облыс орталығындағы үлкен сауда үйлерінде жұмыс істеуге ниет танытқандар да бар. Әрқайсысы өздері тұратын мекенжай бойынша шағынаудандарға бөлініп, бекітілген, — деген Ирина Наильевна еріктілер тұрғындардың амандығы үшін өздерінің денсаулығын қатерге тігіп жүргенде, олардың еңбегін зая кетірмей, үйде отыру қажеттігін ескертті. Бұл үшін еріктілерді қажетті жеке қорғаныс құралдарымен жабдықтау міндетті. Карантинге жабылған үйлердің тұрғындарына бару үшін де арнайы киім қарастырылған. Басқарма басшысы облыстық іскер әйелдер қауымдастығы еріктілерді бетперделермен тегін қамтамасыз етіп отырғанын да тілге тиек етті.
Қазіргі таңда 65 жастан асқан өзін-өзі оқшаулаған азаматтар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек көрсету де аса маңызды. Осы мақсатта өңір басшысының тапсырмасымен облыс орталығындағы Достық үйінде еріктілер штабы құрылған болатын. «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Ирина Литт айтып өткендей, бүгінге дейін штаб құрамына алпыстан астам ерікті қабылданған. Олардың төртеуі супермаркеттерде тапсырыстарды орындауға, екеуі білім беру мекемелерінде электронды-цифрлық қолтаңба алуға септессе, қалғаны азық-түлік жеткізу міндетін орындауда. Бұл үшін оларға жиырма автокөлік қарастырылған.
«Карантин кезінде штабтың телефонына 300 қоңырау түсті. Негізінен, жалғызбасты зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі азаматтар хабарласады. Еріктілер оларға қажетті заттарын жеткізіп беруге әрқашан дайын», — деді Ирина Литт.
Төтенше жағдайдың алғашқы күндері «Қоғамдық келісім» мекемесі бетперде тігетін цехтың жұмысын ұйымдастырғаны жайлы айтқан болатынбыз. Осы уақыт аралығында тігілген 300-ден астам бетперде көпбалалы, аз қамтылған отбасылар мен еріктілерге берілді. Штаб жұмысына белсене қатысқан этномәдени бірлестік төрағаларының еріктілерге арнап қолғап, бетперде тігетін мата, антисептиктер мен арнайы киім алуға жәрдемдескенін де айта кеткен жөн.
Сонымен қатар облыстық штаб базасында карантин жариялануына байланысты қиын өмірлік жағдайға ұшыраған азаматтарға гуманитарлық көмек жинауға арналған пункт ашылған. Достық үйінің өкілдері мен осы ауыр жағдайға немқұрайдылық танытпаған азаматтар 700 мыңнан астам соманың азық-түлік пакеттерін әзірлеп, көмекке мұқтаж жалғызбасты жандар мен көпбалалы отбасыларға таратып берді. Гуманитарлық көмек жинау жалғасуда.
Төтенше жағдай кезінде тұрғындарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлау мақсатында облыстық ассамблеяның өнерпаздары медицина қызметкерлеріне арнап жеке концерттік бағдарламалар өткізуде.
Спикерлер әлеуметтік желі парақшаларында жиі қойылатын сұраныс бойынша еріктілердің көмегіне мұқтаж азаматтар 50-47-50 немесе I-komek желісінің «109» бірыңғай нөмірі бойынша хабарласа алатындарын ескертті. Еріктілердің қатарына қосылып, еліміздің басына төнген ауыр кезеңде көмекке зәру жандарға қол ұшын созуға ниет танытқандар да осы нөмірлер арқылы байланысқа шыға алады.