«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАШАУЫ МЕН ҚЫЛҚАЛАМЫ – ҚОЛЫНДА…

Облыстық бейнелеу өнері мұражайында Владимир Гачинскийдің мерейтойлық көрмесі ашылды. Шара жерлес мүсінші-суретшінің 85 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылды. Көрмеге автордың ағаштан жасалған мүсіндері мен қылқаламынан туған картиналары қойылды. Олардың жалпы саны елуге жуық.

Шебер өз туындыларын қайың, гипс секілді материалдарды пайдалана отырып жасаған. Адамдардың мүсіндері мен табиғаттың бейнесі салынған картиналардан өнер иесінің шығармашылық жолының түрлі кезеңдерін көруге болады. Алғашқы еңбегі осыдан 41 жыл бұрын жасалса, кейінгілерінің әлі сиясы кеуіп үлгермеген. Жақында ол ақиық ақын Мағжан Жұмабаевтың мүсінін аяқтапты. Гипстен жасалған бұл еңбегіне мүсінші бес жылға жуық уақытын жұмсаған.  

– Сурет салуыма жерлес суретші Анатолий Бургаев түрткі болды. Содан кейін бейнелерді қағаз бетіне түсіруді қолға алдым. Дегенмен де, маған ағашты ойып, мүсін жасау көбірек ұнайды. Одан зеріге бастағанда қолыма қылқалам алып, сурет саламын. Өмірім осылайша өтіп жатыр. Мен үшін ең үлкен қуаныш – еңбектерімнің өнерді тани білетін адамдардың көңілдерінен шығуы, – дейді мерейтой иесі.

Владимир Гачинскийдің ұлты поляк, өмір бойы Қазақстанда тұрып келеді. Десе де, өзінің тарихи Отанында да танымал тұлғалар қатарында. Сондықтан мерейтой иесінің қуанышымен ортақтасуға Польша Республикасының Қазақстандағы елшілігінің өкілі арнайы келіпті.

– Гачинский мырзаның мерейтойлық көрмесі өтетінін естіп, құттықтауға келдім және Қазақстанның солтүстік өңіріндегі поляктардың тұрмыс-тіршілігімен де танысқым келеді. Мерейтой иесінің еңбектерін осыған дейін тек ғаламтордан көріп-білген едім. Бұл жолы оны көзбен көру мүмкіндігі туды. Бөліп-жарып мынау жақсы деп айта алмаймын. Өйткені, әр бір туындысының өзіндік тарихы бар, – дейді Польша Республикасының Қазақстандағы елшілігінің өкілі Анджей Бобер.

Самат ЕСМАҒИ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp