– Ауыл тұрғындарының бейінді мамандардан қашықтан кеңес алуына мүмкіндіктері бар ма?
Абзал ТЕМІРҰЛЫ.
Айыртау ауданы.
Оқырманымыздың бұл сауалына әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры облыстық филиалының бөлім басшысы Қарлығаш Ілиясова жауап берді:
– Қашықтан көрсетілетін қызметтердің арқасында медициналық көмек ауыл тұрғындары үшін қолжетімді болуда. Бейінді дәрігерлердің, оның ішінде қазақстандық және шетелдік ғылыми орталықтардың мамандарының кеңесін науқастарға тұрғылықты жерден онлайн режімде алуға болады. Қашықтан көрсетілетін медициналық қызметтер тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде көрсетіледі. Аталған медициналық көмекті алу үшін емдеуші дәрігердің жолдамасы қажет. Науқастар дәрігерге дейінгі медициналық, алғашқы медициналық-санитарлық, мамандандырылған медициналық, оңалту, паллиативтік медициналық көмек түрлерін ала алады. Қашықтан қызмет көрсету үйде, медициналық ұйымнан тыс жерде, сондай-ақ амбулаторлық, стационарлық, стационарды алмастыратын жағдайларда, санаторлық-курорттық ұйымдарда көрсетілуі мүмкін. Науқастың өміріне айқын қауіп төндірмейтін кенеттен жедел аурулар мен жағдайлар, созылмалы аурулардың өршуі кезінде шұғыл кеңес беріледі. Мұндай жағдайларда қызметтер консультациялық-медициналық ұйымға (оның жұмыс кестесіне байланысты) өтініш түскен сәттен бастап 3 сағаттан 24 сағатқа дейінгі мерзімде ұсынылуы тиіс. Медицина қызметкері науқаспен аудио-визуалды форматта арнайы құралының көмегімен байланысады. Науқас тұратын елді мекенде суретті бағалай алатын қажетті сарапшылар болмаған жағдайда қашықтан консилиум ұйымдастыру маңызды.
Консилиум нақты уақыт режімінде жүргізілген кезде диагностикалық зерттеу жүргізетін емдеуші дәрігер немесе медицина қызметкері және науқас ақпараттық-коммуникациялық технологиялар арқылы тікелей байланыста болады. Консилиум консультациялар режімінде жүргізілген кезде консультанттар немесе бейінді мамандар науқастың электрондық медициналық құжаттамасын және оның денсаулық жағдайы туралы ақпаратты қашықтан зерделейді. Олар байланыс технологиялары арқылы бір-бірімен пікірталас өткізеді және диагностикалық зерттеу жүргізетін медицина қызметкерімен, науқаспен байланыспай-ақ медициналық қорытынды дайындайды.
Дайындаған
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.