«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАШЫҚТАН ОҚИ БАСТАДЫ

Әлем жұртын дүрліктірген коронавирусқа байланысты мектеп оқушылары 16 наурыз бен 5 сәуір аралығында демалса, колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттері қашықтан оқуға көшті. Бүгінгі таңда өңіріміздегі 23 колледждің күндізгі бөлімінде білім алатын 9687 студенті қашықтан білім алуда.

Мағжан Жұмабаев атындағы колледж “Сова” ақпараттық жүйесіне қосылған. Екі жылдан бері оқу орнында үш топ қашықтан білім алуда. Сондықтан елдегі эпидемиялық жағдайға байланысты қабылданған өзгерістер мен алдын алу шаралары бұл оқу орны үшін айтарлықтай қиындық туғызбаған. Кеше колледждің барлық 1459 студенті қашықтан оқуды бастады. 

 – Аталған жүйеге колледждің оқытушылары мен студенттері толық тіркеліп, әрқайсысына логин мен құпиясөз берілген. Бейнебайланыс арқылы дәріс тыңдап, тапсырмаларды орындауда. Интерактивті, тест, практикалық жұмыс түріндегі тапсырмаларды олар мүмкіндігі болған кезде орындап, жібере алады. Ал интернет желісіне қосылмаған шалғайдағы елді мекендерде тұратын студенттер ұялы телефонды пайдалана отырып, орындай алады, – деген колледж директорының ақпараттық технологиялар жөніндегі орынбасары Алтынай Жанбекова заманауи технология дамыған қазіргі заманда ұялы телефон арқылы “Word” түріндегі құжаттарды ашуға мүмкіндік болғандықтан, ешқандай қиындық туындамайтынын тілге тиек етті.
Мектеп оқушылары демалысқа шыққанымен, оларды олимпиадалар мен білім додаларына, болашақ түлектерді Ұлттық бірыңғай тестілеуге даярлау жұмыстары қашықтан жалғасуда. Қазіргі таңда 352 оқушы білім алып жатқан Мағжан Жұмабаев атындағы колледж жанындағы мектеп-лицейдің педагогикалық ұжымы 32 адамды құрайды. Оқытушылар екі топқа бөлініп, мектептің ішкі жұмыстарын атқаруда. Яғни, мұғалімдер демалыс уақытында болуы тиіс сабақ кестесі бойынша балаларға тапсырмалар бере бастаған. Сонымен қатар түрлі тақырыптар бойынша қосымша ақпарат алуға болатын әдебиеттердің тізімін ұсыну да педагогтардың міндетіне жатады. Әр оқушы таңғы 10.00-ден бастап 15.00-ге дейін мұғалімнің электронды поштасына кез келген сұрағын қойып, жауап ала алады. 

Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,
“Soltústik Qazaqstan”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp