
Коронавирустың таралуына жол бермеу мақсатында сәуірдің 6-сынан басталатын төртінші тоқсанда оқушылар қашықтан оқиды. Облыстық білім басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімова жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесіп, өңіріміздегі 474 мектептің 72 мыңнан астам оқушысы мен 6 мыңнан астам мектепалды даярлық сыныбының тәрбиеленушілері қалай білім алатынын айтып берді.
Бүгінгі таңда аудандардың мүмкіндіктері зерттеліп, әрбір ауылда қашықтан оқыту жайы пысықталуда. Жоспар бойынша онлайн-сабақтар “Zoom”, “BilimLand”, “Сабақ.kz”, “Daryn.online” және тағы да басқа интернеттұғырнамаларда жүргізіледі. Әр сабақ 30 минутқа жоспарланған. Ал оқушылармен кері байланыс орнатып, сабақ айту, тапсырмалар орындау электронды “Күнделік” журналы, Білім беру платформалары, “WhatsApp”, “Hangouts” мессенджерлері арқылы жүзеге асырылады.
– Қазіргі күні телесабақтардың арнайы түсірілімдері жүріп жатыр. Екі мыңнан астам сабақ дайын. Олар толығымен мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты мен оқу бағдарламасына сәйкес әзірленді. Интернеті жоқ ауылдардың балалары үшін төртінші тоқсанның басынан бастап, сағат 9.00-ден 15.00-ге дейін аптасына бес күн 1-11-сынып оқушыларына сабақтар “Балапан” және “Ел арна” телеарналарында 10 минуттан көрсетілетін болады, – деді облыстық білім басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімова.
Сол себепті интернет жетпеген ауылдық елді мекендерде “Отау TV” құрылғылары орнатылуда. Теледидар арқылы оқуға мүмкіндігі жоқ балаларға офлайн-оқыту ұйымдастырылады. Техникалық қолдау көрсету үшін 1 сәуірден бастап фронт-кеңселер мен Call-орталық жұмыс істейтін болады. Сондай-ақ, оқытуға жауапты адамдарға арналған вебинарлар өтеді.
Онлайн-сабақ оқушыларға ғана емес, мұғалімге де оңай болмайтындығы анық. Сондықтан білім басқармасының басшылығы ата-аналардан жағдайға түсіністікпен қарап, балалардың жаңа оқу материалдарын меңгерулеріне, сондай-ақ, мұғалімге оқушымен қажетті қарым-қатынас орнатуға көмек көрсетулерін сұрайды.
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Soltústіk Qazaqstan”.