Өңірімізде 11 мектеп штаттық режімде жұмыс істеп жатса, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің шетелдік студенттері мен “Foundation” факультетінің тыңдаушылары жатақханаларда қалып, қашықтан білім алуда. Бұл білім ошақтарында залалсыздандыру жұмыстары күнделікті жүргізіліп, барлық санитарлық талаптар орындалуда. Орталық коммуникациялар қызметі өңірлік филиалында өткен кезекті баспасөз мәслихатында облыстық білім басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімова мен М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дің академиялық мәселелер жөніндегі проректорының міндетін атқарушы Жанар Таласпаева журналистерді қашықтан оқыту үдерісінде болып жатқан соңғы өзгерістермен таныстырды.
6 сәуір күні төртінші тоқсан басталып, осыған дейін ұзақ талқыланған қашықтан оқыту мәселесіне нүкте қойылды. Өңіріміздегі 72 мың оқушының қырық сегіз мыңнан астамы “Күнделік”, “Microsoft Teams”, “Bilim-Lаnd” сияқты білім беру тұғырнамаларын пайдаланып жатса, Айыртау, Ақжар аудандарында 477 оқушы мектепке барып жүр. Сонымен қатар 112 оқушы тапсырмаларды пошта арқылы алса, 2300 балаға оны кезекші мұғалімдер жеткізеді.
Мектеп әкімшіліктеріне педагогтарды басы артық тексеріспен мазаламауды, ал мұғалімдерге оқушыларға үйіп-төгіп тапсырма бермеуді ескерткен басқарма басшысы ата-аналар тарапынан туындаған бірқатар сұрақтарға жауап берді. Мәселен, қазір ата-аналар да қашықтан жұмыс істеп жатқандықтан балалармен отырып үй тапсырмасын орындау қиындаған. Гүлмира Райынбекқызы оқушы үшін үй тапсырмасын белгілі бір уақытта орындау керек деген шектеу жоқ екенін айтып, сабақтардың жазбасы сақталатындықтан, оны кез келген уақытта қайта қарап шығуға болатынын түсіндірді.
Бүгінгі таңда өңіріміздегі жалғыз жоғары оқу орнында бакалавриатта, магистратурада, докторантурада және интернатурада 7155 шәкірт оқиды.
Олардың сабақ кестесіне сай сапалы білім алуы үшін барлық жағдай жасалған. Шалғай ауылдардағы студенттердің жағдайын кураторлар мен оқытушылар ғана емес, Call-орталығының мамандары да сұрап, біліп отырады.
– Жатақханада қалып, білім алып жатқан студенттер азық-түлікпен және тұрмысқа керек заттармен толық қамтамасыз етілді. Олардың денсаулығын бақылауда ұстау үшін қажетті шаралар жүзеге асырылуда. Жоғары оқу орнында 1093 адам жұмыс істейді. Бес жүзге жуық педагогикалық-оқытушылық құрам толық қашықтан жұмыс істеуге көшті. Қазіргі таңда университеттің қалыпты тіршілігін қамтамасыз ететін мамандар ғана жұмыс орнында қалды, – деген М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дің академиялық мәселелер жөніндегі проректорының міндетін атқарушы Жанар Таласпаева төрт студенттің еріктілер қатарында еңбек етіп жүргенін айтты.