Еліміздегі карантиндік жағдайға байланысты әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры тұрғындарға медициналық қызметтерге қашықтан қол жеткізу мүмкіндігі барын ескертеді.
Қазір кейбір мамандардың кеңестері, телемедицина, сондай-ақ, рентген түсірілімін оқу, электрокардиограммаларды декодтау қашықтан қолжетімді. Бұрын созылмалы аурулары бар науқастарға қашықтан медициналық кеңес беру (учаскелік жалпы тәжірибе дәрігері, терапевт, педиатр) динамикалық бақылау кезінде қолданылған. Бұлай қызмет көрсетудің ерекшеліктері үстіміздегі жылдың шілде айында күшіне енген Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодексте (129-бап) айқындалған.
Бүгінде медициналық ұйымдар заманауи технологиялар мен әртүрлі байланыс құралдары арқылы науқастарға онлайн қызмет көрсету мүмкіндігіне ие. Алдағы уақытта қашықтан көрсетілетін қызметтер тізімі кеңейтілетін болады. Бұл орайда дәрігердің онлайн-кеңесін қалай алуға болады деген орынды сауал туындайды. Ол үшін емхананың Call-орталығы немесе басқа байланыс құралдары мен мобильді қосымшалар арқылы дәрігердің кеңесіне жазылу (бар болса) қажет. Содан кейін кеңес алу күні мен уақытын таңдаған жөн. Маманның қабылдауына жазылу үшін алдымен учаскелік дәрігерден жолдама алу керек. Белгіленген уақытта маман қоңырау (аудио немесе бейне) шалады.
Мамандардың айтуынша, дәрігерден кеңес алу үшін емханаға барудың қажеті жоқ. Науқас қай жерде болса да, мұндай қызмет қолжетімді. Бұл жағдайда дәрігер дәрі-дәрмектерге нұсқау жаза алады. Аурухана парақтарын, зерттеу қорытындысын да көруге болады. Сұрақтар туындаған жағдайда тұрғындар “Qoldau 24/7” мобильді қосымшасы арқылы қордың көмегіне жүгіне алады.
Қарлығаш ІЛИЯСОВА,
әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры облыстық филиалының бөлім басшысы.