«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАШЫҚТЫҚТАН ОҚЫТУ ТИІМДІ

Қызылжар ауданындағы олимпиадалық резервтің қашықтықтан оқыту мектебі өз жұмысын 2010 жылғы қараша айында бастаған болатын. Бүгінде аталмыш мектепте 180-нен астам оқушы оқиды.

Қашықтықтан оқыту мектебінің мұғалімдер құрамына ауданның 25 педагогі енген. Олардың өздері де деңгейлік курстардан өткен, түрлі конкурстар мен олимпиадалардың белсенді қатысушылары. Мәселен, “Парасат” мектеп-лицейінің педагогтері Бақыт Алдабергенова – республикалық “Үздік педагог – 2013”, Гүлсара Темірғалиева облыстық “Алтын кілт” байқауларының жеңімпаздары, Вагулино орта мектебінің мұғалімі Гүлмира Сатанова – “Үздік педагог – 2014” байқауының облыстық кезеңінің үшінші орын жүлдегері.

Мектеп өзінің жұмысын онлайн режімінде жалғастыруда. Онда оқытудың электрондық ресурстарын пайдалану арқылы қатардағы мектептер үшін қашықтықтан оқыту толық жүзеге асырылады.  

Оқытушылар өздерінің әдістемелік нұсқауларын, тестер мен дәрістер жиынтықтарын қашықтық нұсқаға бейімдейді. Қашықтықтан оқыту сапасын аудандық білім беру бөлімінің мамандары бақылап отырады. Университеттер өз жұмыстарын уақыттан қалмай, жаңа талаптарға сай құрады. Сондықтан бізге де олардан қалуға болмайды.

Оқушылар қазірдің өзінде қашықтықтан оқытудың басымдықтарына көз жеткізіп отыр. Оқыту кезінде әр оқушымен жеке жұмыс жүреді. Оқушылардың оқытушылардан дербес кеңестер алуларына, оқыту форумдарында түрлі мәселелер бойынша ақылдасуларына және көптеген пайдалы материалдарға қол жеткізулеріне мүмкіндіктері бар.

Ауылдан шықпай-ақ, инновациялық мектепте (гимназияда, мектеп-лицейде) жұмыс істейтін педагогтен қашықтықтан білім алуға болады. Интернетке қосылуға мүмкіндігі бар кез келген жер (үй, демалыс орны, жұмыс, тағы басқа) олар үшін “оқу сыныбына” айналады.

Көпшілік оқушылар үшін мұғаліммен бетпе-бет кездесу үлкен мәселе болып табылады. Оларға тақта алдында сабақ айту, емтихан тапсыру, өзінің біліміне сенімділігін дәлелдейтін тәжірибелік сабақтар мен семинарлар қиындық туғызады. Қашықтықтан оқыту оқушыны осындай күйзелістен сақтайды.

Оқытудың аталмыш түріне, әсіресе, шалғайда жатқан елді мекендердегі оқушылардың отбасы мүшелері, ата-аналары өз бағаларын берді. Олардың балалары үшін негізгі пәндерден басқа тереңдетілген сабақтар да жүргізіледі. Бугровое, Глубокое, Налобино ауылдарындағы мектептерде оқитын балалар қазірдің өзінде жоғары нәтижелерге қол жеткізуде. Олар тестілеуден өтті, енді Назарбаев Зияткерлік мектебінде оқитын болады.

Модераторлар түрлі оқу бағдарламаларын біріктіріп, оқушының барлық жеке ерекшеліктерін ескере отырып, сабақ кестесін жасайды. Зияткерлік білімдерін көтеретіндер де қашықтықтан Интернет-оқытуды жиі таңдайды. Аталмыш мектептің оқушылары – ғылыми жобалардың халықаралық байқауларының лауреаттары, қазақстандық және бүкілресейлік қашықтық олимпиадаларының, жалпы білім беретін пәндер бойынша мектеп оқушыларының республикалық олимпиадаларының жеңімпаздары мен жүлдегерлері.

Қашықтықтан оқыту – білім берудің заманауи, ыңғайлы, бүгінгі күн талабына сай жаңа түрі.

Лариса ШЕЛУДЬКО,

Қызылжар аудандық

білім бөлімінің әдіскері.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp