Солтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасында жұмыс үдерістерін оңтайландырудың нәтижесінде алдағы уақытта әкімшілік істер қаралатын сотқа прокурорлар қашықтықтан қатысатын болды. Прокуратура тарапынан қолға алынған бұл шара әкімшілік үдерістерді жаңғырту және оны электрондық үлгіге ауыстыру мақсатын да көздейді.
Бүгінгі таңда өңірімізде аудан орталығынан 35-тен 110 километрге дейін қашықтықта орналасқан үш сот бар. Ал оларда өтетін сот отырысына прокурордың қатысуы қиыншылық тудыруда.
Еліміздің Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі сотты әкімшілік қамауды қарастыратын әкімшілік істерді әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттаманы алған күні қарауды міндеттейді. Ал оған прокурор міндетті түрде қатысуы керек. Сондай-ақ, соттар әкімшілік істерді аптасына 1-2 рет қарауы мүмкін. Ал осы сот отырысына қатысатын прокурорларға қызметтік көлік берілмейді, жолына, тамағына, тұратын жеріне қаржы беру қарастырылмаған. Прокурор бұл шығынның барлығын өз қалтасынан төлеуі тиіс. Сонымен қатар ауа райының қолайсыздығы салдарынан жолға шыққан қызметкерлердің өмірі мен денсаулығына да қауіп төнуі мүмкін.
Осы орайда әкімшілік істер бойынша сот отырыстарын өткізуде интернет-ресурстарды пайдалану көзделіп отыр. Әрі Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексте әкімшілік істерді қарауда прокурордың қашықтықтан қатысуына құқықтық шектеу қойылмаған.
Бұл бастаманы өңірдің сот қауымдастығы да қолдап отырғанын айта кетуіміз керек. Оны жүзеге асыру үшін аудан прокуратурасы мен соттарда Skype немесе WhatsApp қосымшаларына онлайн-режімде қосылатын компьютерлер орнатылады. Дәл осындай үлгімен аудан орталығында орналасқан сотқа соттар арасындағы жергілікті желіге тікелей қосылған компьютер қойылады.
Осыдан кейін сот прокурорға әкімшілік істің қашан және қай уақытта қаралатынын хабарлайды. Ал әкімшілік іс прокурорға пошта арқылы жіберіледі.
Осындай тәртіппен наурыз айының басында Тайынша ауданына қарасты Чкалов ауылындағы №3 сотта Е.А.Зауэрге қатысты әкімшілік іс қаралды. Бұл істе прокурор өзінің жұмыс орнында отырып, “Skype” интернет қосымшасы арқылы сот залындағы компьютерге қосылды. Барлығы аудиобейне хаттамаға тіркелді.
Жангелді БАЗАРБАЕВ,
облыстық прокуратураның басқарма бастығы, әділет кеңесшісі.