Қазіргі таңда баласының болашағын ойлаған ата-аналарды көзінің ағы мен қарасындай бүлдіршінінің өзгеден кем болмай, жан-жақты білімді, өнерлі, дені сау болып қалыптасуы толғандыратыны анық. Сондықтан да олар баласының әр қадамын бақылап, оған дұрыс бағыт-бағдар беріп, балғынды қызығушылығы бойынша үйірмелерге жаздырып, барлық жағдайын жасауға тырысады. Осындай ата-аналардың бастары қосыла қалса, айтатын әңгімелері де сол баланың, мектептің, ұстаздардың төңірегінде өрбитіні сөзсіз. Көптің көңілінен шығу оңай емес, әрине. Көпшілігі мектеп пен мұғалімдерді, жалпы білім беру жүйесін мақтап жатса, араларында кері көзқарастағылары да кездесетіні жасырын емес. “Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі”, – деп Алаштың ардақтысы Ахмет Байтұрсынов айтқандай, олардың әңгімелеріне біздің де құлағымыз түрік жүреді.
Таяуда осындай бір қызу талқының куәсі болдық. “Біздің оқушы кезімізде де пәндік олимпиада өтетін. Сол пән бойынша сыныптағы үздік оқушылар іріктеліп, алдын ала дайындалатын. Қатысушы оқушылар жеке-жеке парталарға отырғызылып, берілген тапсырманы өздері орындайтын. Оқушылардың бір-бірінен көшіруіне, сөйлесуіне, “шпаргалка” қолдануына болмайтын. Қазір толып кеткен қашықтық олимпиадасы. Балам математикадан “Пони” қашықтық олимпиадасына қатысты. Оған қатысу үшін 500 теңге төледік. Кейін балам тапсырмаларды үйге алып келді де оны отбасымызбен отырып орындадық. Сонда ондай олимпиададан балаға келер пайда бар ма?” – деді бірі. “Ол жарайды ғой, сіздің балаңыз мектепте оқиды. Қазір балабақшалардың тәрбиеленушілері де небір олимпиадаларға қатысады”, – деп қостады екіншісі.
Бұл, шынымен де, көпшілікті толғандырған тақырып екен деген ой түйіп, алдымен ғаламтор бетін шарлап көріп едік, шынымен де, олимпиадалар аз болмай шықты. Оған қатысу ережелері де “тайға таңба басқандай” анық беріліпті. Ұстаздарға, оқушыларға, мектеп жасына дейінгі балаларға арналған республикалық “Ақ бота”, “Тарих ата”, “Кенгуру”, “Нұрлы болашақ”, “Пони”, тағы басқа да зияткерлік олимпиадалармен қатар халықаралық деңгейдегілері де жетіп жатыр. Өз білім деңгейіңді білгің келсе, арасынан жаныңа жақынын таңда да қатыса бер. Дегенмен, ата-аналардың көкейінде жүрген сауалды білім саласының мамандарына қойдық.
– Қашықтық олимпиадасын республикалық “Дарын” ғылыми-практикалық орталығы өткізеді. Олимпиадаға оқушыларды қатыстырудың белгіленген тәртібі бар. Жетекші мұғалімдер олимпиадаға қатысуға өтініш беріп, төлемдерін растағаннан кейін ғана оқушылар тапсырманы жүктеп алуға мүмкіндік алады. Олимпиаданың шарты бойынша оған қатысушы ешкімнің көмегінсіз тапсырмаларды өзі орындауы тиіс. Жауаптың дұрыстығына қарай қатысушының деңгейі анықталады, – деді білім саласындағы ақпараттық технологиялар және әдістемелік жұмыс орталығының аға әдіскері Ғалия Ташибаева.
Республикалық “Дарын” ғылыми-практикалық орталығының мектеп оқушылары арасында өткізетін әртүрлі пән олимпиадалары балалардың ойлау қабілеттерін арттырып, сауаттылығын дамытады. Мәселен, “Тарих ата” олимпиадасы Қазақстан тарихына деген қызығушылығын арттыруды, өз бетінше жұмыс істеу дағдыларын дамытып, алған білімін өмірде қолдануын, іскерліктерін қалыптастыруды, патриоттық сезімдерін жетілдіруді мақсат етеді.
Қашықтық олимпиадалары республикалық, сондай-ақ, халықаралық дәрежеде өткізіледі. Республикалық “Дарын” ғылыми-практикалық орталығы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен бірлесіп халықаралық “Азиялық-Тынық мұхиттық” және “Жібек жолы” математикалық олимпиадаларын өткізген. Зияткерлік олимпиадаларды өткізудегі негізгі мақсат – математика саласындағы дарынды оқушыларды анықтау, дамыту, қолдау және қатысушы елдер арасында білім беру және ғылыми байланыстар орнатуға ықпал ету болып табылады.
Бұл білім додаларына Аргентина, Австралия, Ресей, АҚШ, Канада, Индонезия, Жапония, Қазақстан, Корея, Қырғызстан, Малайзия, Мексика және тағы басқа да мемлекеттер қатысады.
– Еліміз бәсекеге қабілетті озық отыз мемлекеттің қатарына кіруді мақсат етіп отырған бүгінгі таңда оқушылардың функционалдық, математикалық сауаттылықтарына баса мән беріліп отыр. Мысалы, биылдан бастап 11-сынып оқушыларына оқуға түсерде 20 тапсырма міндетті түрде математикалық сауаттылықтан енгізілмек. Оның тапсырмалары өте күрделі. Сондықтан қашықтық олимпиадалары осындай сынаққа біртіндеп дайындық ретінде өткізіледі, – дейді Қызылжар ауданындағы Бәйтерек орта мектебі математика пәнінің мұғалімі Рая Шалабаева.
Бұған дейін Жамбыл ауданында еңбек етіп келген ұстаз бүгінде Бәйтерек орта мектебінде білім беру жүйесінің талаптарына сай қызмет атқарып жүр. Ол бәйтеректік оқушылардың “Кенгуру”, “Ақбота” сияқты зияткерлік олимпиадаларына қатысып отыратындарын айтады.
– Олимпиада тапсырмаларын ата-аналардан ақша жинамай, қатысатын бір-екі балаға өзім сатып алдым. Оқушының ойлау қабілетін дамытатын, қиын есептердің шығарылу жолдарын балалар осы сынақтарға қатысу арқылы меңгереді. Олимпиадаға тек жақсы оқитын оқушылар қатысады, – деген математика пәнінің маманы ата-ана арасында түсінбеушілік туындайтынын да жасырмады. “Ата-аналардың көпшілігі бізден оны қайтем, не үшін ақша төлеймін?” – деп сұрап жатады. Алайда, тапсырмаларды біз республикалық тестілеу орталығынан аламыз. Сайтқа тіркеліп, тапсырманы алу үшін ақша төлейміз. Орын алсаң, сертификат беріледі. Ол оқушының портфолиосы үшін қажет. Тапсырмаларда әр сынып бойынша оқу бағдарламасының ерекшеліктері ескеріледі, – деді Рая Қабдолқызы.
Оқушылардың оқуда ақпараттық технологияларды қарқынды түрде пайдалануға талпынысын жетілдіру, олардың шығармашылық әлеуетін, ақпараттық мәдениетін, алгоритмикалық және логикалық ойлау қабілетін дамыту мақсатында қашықтық олимпиадалардың пайдасы мол. Жалпы соңғы үш жылдың көрсеткіші бойынша өңірімізден қашықтық олимпиадасына қатысып, бақтарын сынаған оқушылардың қарасы қалың. Біздің облыстан әртүрлі қашықтық олимпиадаларына қатысқан оқушылардың арасында жүлделі орындарға ие болғандары да бар екен.
Өткен жылы жүлдегер қатарынан көрінген бірнеше оқушы республикалық “Дарын” ғылыми-практикалық орталығының жолдамасымен Болгария, Франция, Румыния, Ресей елдерінің көрікті жерлеріне бір аптаға саяхатқа барып қайтты.
Демек, оқушының зияткерлік әлеуетін кеңейтіп, биіктен көрінуіне жол ашатын қашықтық олимпиадасы балаларымыздың мектепте алған білімін одан әрі тереңдетіп, ойының ұшқырлығын, сыни ойлау қабілетін және өз бетімен іздену дағдыларын дамытуына бағытталған. Қашықтық олимпиадаларына қатысу дарынды оқушылардың өздерінің қалаулары бойынша ерікті түрде жүзеге асады. Оған баланы қатыстыру немесе қатыстырмау ата-ананың өз құзыретінде болмақ.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.