Мен өткен ғасырдың отызыншы жылдардың зобалаңында дүниеге келдім. Ер-азаматтар соғыста жүргенде бар қиын шаруаны әйелдер мен балалар атқарды. Сондықтан буыны қатпаған біз сияқты балалар еңбекке ерте араласты. Соғыс жылдары далада қонып, үлкендермен бірге қырда білек сыбана жұмыс істедік. Бүгінде сол қиындықтар көрген түстей. Қандай қиын кезең болса да қолымыздан кітап, газет-журнал түспейтін. Көз майымызды тауысып оқыған тамаша көркем шығармалар білімімізді молайтып, дүниені тануға ұмтылдырды.
Соғыстан кейін мектепті тамамдап, Ушинский атындағы Петропавл педагогикалық институтына (қазіргі М.Қозыбаев атындағы СҚМУ) құжат тапсырып, тарих, қоғамтану, құқық мамандығы бойынша білім алдым. Сол кездері оқу бітірген жастарды жолдамамен әр ауданға жіберді емес пе? Алдымен Шал ақын ауданының Кеңес ауылындағы жетіжылдық мектепте, кейін тағы бірнеше жерде жұмыс істедім. Ауылдық кеңестің депутаты ретінде де маған жауапты жұмыс жүктеліп, күрмеуі қиын мәселелерді шешу тапсырылды. Кейін Шияп Садықов, Жанғали Құсайынов дейтін жаны асыл ұстаздардың өтінішімен туған жеріме (Шал ақын ауданы) оралдым. Ленин орта мектебінде ұстаздық етіп, балаларды білім нәрімен сусындаттым.
Адам жасы ұлғайған сайын өткен өмірі жайлы жиі ойланады екен. Әсіресе, көңіл жабырқаған сәтте бұрынғы әріптестерімді сағынышпен еске аламын. “Елу жылда – ел жаңа” демекші, білім саласына арнаған саналы ғұмырымның елу жылы шәкірт тәрбиелеумен өтті. Ұлт болашағын тәрбиелеу оңай шаруа емес. Олардың ертеңі, қоғамдағы кейбір өзекті мәселелер туралы ойымды газет арқылы жеткізетін едім.
Ленин орта мектебінде жұмыс істеген жылдары мерзімді басылымдарға мақалаларым жиі басылды. Әсіресе, 1968 жылы “Ленин туы” (қазіргі “Soltústik Qazaqstan”) газетімен тығыз шығармашылық байланыста болдым. Жалпы, менің газетпен байланысым студенттік шақтан басталды. Облыстағы жалғыз қазақ басылымына шаруашылық, мәдениет, өнер, оқу-тәрбие мәселелерін қаузаған мақалаларым басылды.
Бірде жазушы Ғалым Малдыбаев мені облыстық газеттің редакторымен таныстырды. Осыдан кейін мен “жегені – жантақ, арқалағаны – алтын” журналистердің тынымсыз еңбегі жайлы біле бастадым.
Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынов: “Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек. Газеті жоқ жұрт басқа газеті бар жұрттардың қасында құлағы жоқ керең, тілі жоқ мылқау, көзі жоқ соқыр секілді”, – деген мағыналы сөзді бекерден-бекер айтқан жоқ. Халықтың көзі һәм тілі ретінде газеттің қоғамдағы рөлі зор, әрқашан беделі биік емес пе? Әр жылдары “Кедей сөзі”, “Бостандық туы”, “Кеңес ауылы”, “Ленин туы” деген атаумен жарық көрген, Мағжан Жұмабаев, Смағұл Сәдуақасов, Сәбит Мұқанов сияқты қазақтың марғасқа ұлдары еңбек еткен тарихы шежірелі “Soltústik Qazaqstan” газеті өңірдің тыныс-тіршілігін толғап, халықтың мұң-мұқтажын жоқтаудан жаңылмай келеді. Редакция ұжымы қоғамдық тілшілердің материалдарына әрқашан жанашырлықпен қарады. Біз сияқты аудан, ауылдардан материал жолдайтын азаматтарға қамқорлық көрсетті. Пошта арқылы салып жіберген хатымыз көп кешікпей жарияланатын.
Біздің жазғанымыз газетке шықса, қуанатынбыз. Жас күнімде менің таңдауым мұғалімдікке түспесе, бәлкім журналист болар ма едім? Өйткені, екіжылдық мұғалімдік оқуды тамамдаған соң маған радиода диктор болып жұмыс істеуге ұсыныс түсті. Ол кезде ұстаздың еңбекақысынан тілшінің табысы әлдеқайда көп болатын. Алайда, мен өзімнің мамандығым бойынша еңбек етіп, ұрпақ тәрбиесіне атсалысуды азаматтық парызым деп түсіндім.
Жасым ұлғайса да, әлі күнге дейін газет-журнал оқимын. Облыстық “Soltústik Qazaqstan” газетімен күні бүгінге дейін жақсы қарым-қатынастамын. Жуырда Зейнолла Олжабаевтың газет таралымын көбейту туралы мақаласын оқып шығып, қазіргі буынның басылым беттерін ақтармайтынына қынжылыс білдірдім. Барлық білім газетте жатыр емес пе? Осы орайда ардагер ұстаздарды, біздің ізімізді өкшелеп келе жатқан жас мұғалімдерді “Soltústik Qazaqstan”-ға жазылуға шақырамын. Ал бір ғасырлық бай тарихы бар “Soltústik Qazaqstan” газетінің орны елін, жерін сүйетін, руханиятқа жаны ашитын әр қазақ үшін ерекше болуы керек. Өйткені, қанша уақыт өтсе де қағаздағы сөз – құнды. Осы құндылықты қастерлейтін көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар ұлттың ұлы мұраты жолында қоғамға қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан басылымға қолдау көрсетері сөзсіз. Өз басым соған иланамын.
Жұмаш СЕЙІТБЕКОВ,
еңбек ардагері.
СУРЕТТЕ: жазушы Сәбит Мұқанов редакцияда (1967 ж.).